БҮГІН - БАРЛЫБЕК ЗАҢ ЖАЗҒАН КҮН

Уақыты: 13.06.2019
Оқылды: 1590
Бөлім: ТҮПСАНА

Барлыбек СЫРТТАНҰЛЫ! Алаштың алдаспан азаматы. Қазан төңкерісіне дейін есім-сойы мұқым қазаққа кеңінен танылған, аты шыққан демократ, реформатор. Қазақ елінің хал-ахуалы мен прогресі жайында құнды ой білдірген публицист еді. Қантөгіспен билікке жеткен қызылдар заманында Барлыбектей қайраткердің аты да, мұрасы да, ерен еңбегі де тарих жылнамасынан сызылып, өткен уақыттың қойнауында қалып кетті.

Барлыбек Сырттанұлы туралы жазу мүлде ойымда болмаған. Рас, мен сол асыл туған топырақтың перзентімін һәм қайраткер есімін иеленген Арасан ауылындағы мектептің түлегімін. Бұлай бола тұра жазуға ұмтылмадым. Барлыбектану саласына келуімнің өзі қызық бір хикая екен. Басынан бастайын.

2016 жылы Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Мерейтой аясында Қазақ география қоғамы халықаралық экспедиция ұйымдастырды. Профессор Айгүл Ісімақова бастаған ғалымдар тобымен бірге мен де Ақтоғай – Тоқырауын – Қарқаралы – Семей – Омбы – Петербор – Минск – Самара – Орынбор – Мәскеу – Алматы бағытында жүріп өттім.

Экспедиция барысында тарихи жерлерді көріп, Алаш тарихына қатысты мұралармен таныстық. Небір құнды дүниелерді таптық. Петерборға табаным тигенде, есіме Барлыбектің бұл қалада оқығаны, замандасы әрі құрдасы Әлиханмен бірге отырып, «Қазақ елінің уставы» конституциялық еңбегін жазғаны есіме түсті. Экспедиция құрамындағы сапарластарымнан Барлыбек хақында сұрасам, бірде-бірі тұщымды мәлімет айтпады. Петербордағы орыстың зиялылары да білмейді екен. Міне, осы кезде азаматтық намысым оянып, әрі-сәрі күй кешкендей болдым. Дәл сол жылы Барлыбектің де 150 жылдық мерейтойы еді. Бірақ ғылыми орта Алаш заңгерін еске алмақ түгілі, есімін де атамады. Қазақ баспасөзі де үн-түнсіз қалды.

Елге келген соң, қазақ баласы арасынан алғаш болып «шығыстану» мамандығын үздік бітірген Барлыбек туралы білетіндерімді және атамнан естіген әңгімелерді қағазға түсіріп, белгілі жазушы-журналист Дәурен Қуатқа жолдадым. Дәукең 30 тамыз күні «Барлыбекті тағы ұмыттық!» деген тақырыппен "www.abai.kz" порталына жариялады. Арада бірнеше күн өткен соң, телефон соғып: «Елдосжан! Сен Алаш тұлғаларының әдеби мұрасын қарастырып, зерттеп жүрсің. Неге Барлыбек атаңды тереңірек жазбайсың? Бұл атаң үлкен қайраткер болған деседі. Жаз!» - деп тапсырма беріп, бағыт көрсеткен-ді. Міне, осылай ағекемнің алқауымен іске кірісіп, барлыбектану, зерттеу саласына қадам бастым. 2017 жылдың 28 қаңтарынан бастап қайсар азаматтың өмір жолына, қоғамдық-саяси қызметіне, шығармашылығына ден қойып, өзіме жоспар құрып, жүйелі іске кірістім.

Енді ойлап қарасам, сол экспедиция сапарынан бері қаншама түннің кіндігін ұйқысыз кесіппіз. Барлыбектің үстінен жазылған доностарды, жандармерияның тергеу хаттамасын оқып жылап та алдық. Жетісудан шығып, Еуропа білімін иегеріп, «қараңғы қазақ көгіне» жарық сыйлауға ұмтылған боздақтың трагедиялық жағдайда өлім құшқаны, ұрпақтарының кеңес заманында «халық жауы» болып қуғын-сүргінге ұшырағаны бәрі-бәрі ауыр естелік екен. Осылай ұлы рухпен табысып, қауышып едім.

Ізденіс қамымен архивке бағыт алғанымда, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, білім меценаты Бекзат Алтынбеков, профессор Есбол Өміржанов және Барлыбек атаның ағайын-туыс, ұрпақтары қаржылай қолдап, Ташкент, Мәскеу, Петербор, Омбы қалаларына іссапарға жіберді. Нәтижесінде жеке архивіміз молайып, тұлға туралы бұрын-соңды жарияланбаған беймәлім көптеген деректерді жинастырдық. Енді осы табылған тың деректерді жүйелеп, мазмұны мен тақырыбына сай бөліп, ғылыми айналымға енгізсек, барлыбектану саласының екінші тынысы ашылып, көкжиегі кеңейе түседі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы негізінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқырман қауым назарына «Барлыбек туралы бірер сөз...» деген кітабым жол тартты. Арыстың өмірі мен қызметі туралы еңбек «Барлыбек ғұмырнамасы», «Барлыбек әлемі», «Барлыбек мұрасы», «Барлыбек әулеті», «Барлыбек тұлғасы» бөлімдерінен бас құрады.

Бұл кітапты 2017 жылғы шығармашылық ізденісімнің көрсеткіші деп түсінемін. 28 қаңтарда басталып, 13 маусымда нүктесі қойылған бұл ізденісімнің біраз бөлігі мерзімді басылымға шығып, оқырманның жылы пікіріне бөленгені бар. Бір қызығы, 13 маусым Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» еңбегін жазған тарихи күн еді.

Барлыбектің ғұмырнамасына арналған кітап сізге жол тартты. Қане, қабыл алыңыз, қадірлі жерлес, оқырман қауым!

Елдос ТОҚТАРБАЙ