ҚОҚЫСТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 1862
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жұмыс сапарымен Қаратал ауданына шықтық. Талдықорғаннан шыға берістегі Қаратал өзенінің көпірінен өткененнен кейін шашылған қоқыс, ағаштарға жабысып қалған целлофандарды көріп жүрегім ауырды. Бұл осы маңдағы қоқыс алаңынан жел соққанда ұшқан қалдықтар. Биыл ғана емес, жылда осы көрініс, өзен жағалауы қар жауғандай аппақ целлофаннан көрінбей тұрады. Жағымсыз иіс маңайдағы тұрғындарға кері әсер етуде.

Көктем шыға тұрғындар жұмыс орындарының маңын, үйінің аулаларын ретке келтiрiп, жаппай сенбілікке шығады. Қоқыс үйіндісін қала сыртындағы қоқыс алаңына тастайды. Бірақ, қоқыс алаңы ашық қалған соң жел соққанда целлофандар қайта сыртқа ұшып, өзенге барады. Көктем шығысымен айналада шашылып жатқан ақ қалдықтан аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Тіпті дауылды күндері полиэтилен пакеті қайта қалаға ұшады. Пайдасынан зияны көп зат туралы ғалымдардың өзі «бір рет өндіріліп, мың жылдап өмір сүретін синтетикалық полимер» деп бекер айтпаса керек. Полиэтилен пакет жатқан жеріне улы затты бөліп шығарады. Қанша жыл өтсе де топырақта сол қалпы жата беретін полиэтиленді ыдыратуға қауқарлы зат әлемде табылған жоқ. Әсемдіктің сұрқын қашырып, шашылған қоқыстардан қашан құтыламыз?

Тұрғындар да жылдар бойы шешілмей жүрген мәселеге алаңдаулы.

 – Құс фабрикасының иісі аздай, көктем шықса Талдықорған-Үштөбе жолында желмен ұшқан целлофандар шашылып жатады. Биыл да осы бізді алаңдатуда. Қоқыс күн сайын көбейіп барады. Осыншалықты лас ауаны жұту - денсаулыққа зиян. Осы үрдіс жалғаса беретін болса, ауылымыз қоқыстың астында қалуы ғажап емес. Қоқыс төгетін орынның бетін жаппаса болмайды, – дейді тұрғын Әлібек Арғынтаев.

 Қоқыс алаңы ауылдан алыс жерде орналасқан десек те беті сол күйі ашық тұр. Қоқыс ұшпасын десек алаңның сыртын қоршап, болмаса басқа полигон салу керек. Қалай болғанда да адам денсаулығына зиян келтіріп тұрған  қоқыс алаңы кезек күттірмейтін мәселе екені даусыз. Өз денсаулығымыз туралы ойланып, кейінгі ұрпағымыздың болашағына немқұрайлы қарамайық. Бұл шаруа жуық арада шешіліп, шаһар атақамінерлерінің назарынан бір сәт те тыс қалмайды деген сенімдеміз.

Айдар ҚАЛИЕВ