Денсаулық пен уақытты қадірлей алып жүрміз бе?

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 1934
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адамдардың көбі дер кезінде қадірін білмей алданып қала беретін баға жетпес екі бірдей нығмет – денсаулық пен уақыт. Қос нығмет Алланың бізге берген асыл аманаты. Ол жалындаған жастық шағыңда болады. Бұл сенің уақытың асып, денсаулығың тасып тұратын мезгілің. Ал бойыңнан қуатың кеми бастаған сәтте өмірдің өзі өлшеулі екенін сезінесің. Адам болмысы қашанда уақыттың дәргейінде. Дегенмен, қазіргі жастар қартайғанда қайта келмес қос нығметтің қадіріне жетіп жүр ме?

Ұзаққа бармай-ақ айналамызға зер салсақ, кей адамдардың осынау асыл аманатқа қиянат жасап жатқанын көреміз. Құрдымға батыратын жаман қылықтар мен әдеттер көбіне-көп жастық шақта қалыптасады. Ақыр соңында адамдардың көбі жас күнінде үйренген жаман әдеттердің шырмауынан шыға алмай тек жастық шағын ғана емес, бүкіл ғұмырын бос тірлікпен өткізіп алады.

Қазіргі қоғамда қос құндылықтың қадірін түсінбей, жастық шағым осы екен деп жалғанды жалпағынан басып жүргендер қаншама?! Уақытын босқа шығындап, өз өміріне өзі балта шауып жатқандарды көріп іштей қынжыласың.

Көпке топырақ шашудан аулақпын. Әрине, тасты жарып шыққан гүл секілді тепсе темір үзетін, елі үшін адал қызмет қылып жүрген жандар жетерлік. Бірақ арзан ойын-күлкіге бой алдырып, уақытын зая кетіріп, ішімдік ішіп, қорқор мен шылым шегіп өз денсаулықтарын өздері құртып жүргендер де бар. Үлкендердің уақыт пен денсаулығыңның барында оқып, тоқып қал деген ақылын құлаққа ілмейді. Көбі жастықты осылай өткізу керек екен деген қате ұғымның жетегінде жүр. Осының салдарынан жастық шақтың жарқылы сөніп бара жатқандай.

Ең сорақысы, жастар күні-түні телефонға телміріп, құмар ойын ойнап, түнгі клубтардың маңайынан шықпайды. Ой-өрісің дамитын жігерлі шақта уақыт пен денсаулығыңа салғырт қарасаң, егде жасқа келгенде сан соғып өкінерің анық.

Уақыт қолға алған құм секілді. Алақаныңда қалай таусылғанын өзің де сезбей қаласың. Денсаулық – адам баласы барында бағалай алмай, айырылып қалса таба алмай жататын баға жетпес байлық. Сол үшін уақытымызды босқа өткізбей, денсаулықтың қадірін түсінейік. Қос құндылықты қатар ұстаған жанның әр басқан қадамы да жарқын болмақ.

А. НАЗАРҰЛЫ
Фото: көрнекілік үшін