Жетісулық тұрғын екі баласын 2 миллион теңгеге сатқан

Уақыты: 18.09.2023
Оқылды: 2121
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қыркүйек айында “STOP-трафик” кезекті кең ауқымды операциясын жүргізіп, адам саудасына байланысты 30 қылмысты анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасының үш фактісі, жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың үш фактісі, адам саудасының екі фактсі, адам органдары саудасының екі фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың үш фактісі, оның ішінде кәмелетке толмағанды тартудың бір фактісі бар. Сондай-ақ жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондарды ұйымдастырудың немесе ұстаудың 17 фактісі анықталды.

Сонымен қатар жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жайларды жалға бергені үшін 56 және интимдік қызметтер ұсыну мен қайыр сұраумен байланысты тиіскені үшін 475 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

Мәселен, шара кезінде Маңғыстау облысының полицейлері 44 жастағы Өзбекстан азаматын бірнеше жыл бойы алдап, құжаттарын қайтармай, еңбекке тартқан облыс тұрғынын анықтады.

Күдіктінің ер адамды мал бағуға, үйдегі қосалқы жұмыстарды орындауға мәжбүрлегені белгілі болды. Қыстау жақын елді мекеннен 90 км қашықтықта орналасқан. Бұл факт ҚК-нің 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша тіркелген, тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жәбірленушіге көмек көрсетіліп жатыр.

Жетісу облысында тәртіп сақшылары бала саудасы үшін өңірдің 23 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті делдалдар арқылы өзінің 2022 және 2023 жылдары туған екі баласын сатқаны анықталды.

Бірінші факт 2022 жылдың қазан айында, ал екінші факт 2023 жылдың тамыз айында орын алған, екі жағдайда да мәміле сомасы 1 млн теңгені құраған. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша (Кәмелетке толмағандар саудасы) тіркелді.

Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 53 жастағы  Өзбекстан азаматын жұмысқа жегу үшін бес жылдан астам уақыт бойы заңсыз ұстаған шаруа қожалықтарының екі басшысын анықтап, ұстады. Олар ер адамның төлқұжатын алып, 2017 жылдан бастап мал бағуға мәжбүрлеген. Жәбірленушінің мал қорасында тұрғаны анықталды. Жұмыстан бас тартқан кезде оған физикалық және психологиялық қысым жасалған. ҚК-нің 126-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен тергеу жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші оңалту және көмек алу үшін дағдарыс орталығына жіберілді.

Атырау облысы полиция қызметкерлері өзінің 1998 жылы туған сіңлісін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Өзбекстан Республикасының тумасын анықтады. Бастапқы тексеру іс-шаралары барысында 2021 жылдың мамыр айында күдікті жәбірленушіні Ташкент қаласынан Шымкент қаласына, содан кейін Атырау қаласына алып келіп, азық-түлік дүкенінде сатушы ретінде жұмысқа ұсынғаны анықталды. Бірақ келгеннен кейін құжаттарын алып, физикалық күш көрсеткен және оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Аталған факт ҚК-нің 308-бабы тіркелген, тергеу жүргізілуде.

Ақтөбе облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алдау және шантаж арқылы 17 жастағы колледждің 2-курс студентін жарты жыл бойы жезөкшелікпен айналысуға тартқан 2004 жылғы ақтөбелік тұрғынды ұстады. Аталған факт ҚК-нің 134-бабы бойынша (Кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту) тіркелді.

Жамбыл облысында полиция жол бойындағы кафенің әкімшісін ұстады, ол пайдакүнемдік мақсатта мекемеге келушілерге, яғни жүк көліктерінің жүргізушілеріне интимдік қызмет көрсету үшін қыздар ұсынған. Аталған факт ҚК-нің 309-бабымен тіркелген, тергеу жүргізілуде.

Сондай-ақ Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қонақ үйлерді, ойын-сауық орындарын және басқа да жерлерді тексеру кезінде 2016 жылдан бастап Өзбекстан Республикасы ІІМ Наманган облысы ІІБ-мен адам саудасы үшін мемлекетаралық іздестіруде жүрген Өзбекстан азаматын, сондай-ақ ұрлық жасағаны үшін іздестіруде жүрген екі қылмыскерді ұстады.

Қазіргі уақытта адам саудасына қарсы күрес бойынша 116 16 сенім телефоны бар әлеуметтік роликті өңірлерде көрсету жөніндегі ақпараттық жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар мәжбүрлі еңбек фактілерін анықтау үшін ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратурамен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде адам саудасының алдын алу және еңбекпен қанау құрбандарын анықтау үшін мобильдік топтар құрды. Олар халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуде және шаруа қожалықтарында, жайылымдарда, шалғайдағы орындарда мәжбүрлі еңбек фактілері туралы хабарламаға дереу ден қойып жатыр.