Сұлулық қуған сылқымдар

Уақыты: 29.10.2023
Оқылды: 2386
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Заманның дамығаны соншалық тіпті адам өз бет-әлпетін, дене бітімін өзгерте алатындай жағдайда. Әрине, қажеттілік туындап тұрса неге жасамасқа?! Бірақ, ол жай қызық немесе әдемілік үшін жасату деген түсінік емес. Белгілі бір аурудан немесе жазатайым болған оқиғадан кейін тура келетін жайтты қажеттілік дей аламыз.

Қарап тұрсақ, қазіргі жас қыздар мен орта жастағы әйелдер қабағын кесіп, ернін ісіртіп, тіпті кеуделерін үлкейтіп алған. Олар өздерін әдемі сезінгенімен  сырт көзге жасанды екені бірден байқалады. Ашығын айтқанда сұлулық қуған сылқымдардың шынайылықтары жоғалады.

Бүгінде тіпті екінің бірі осы пластикалық отаны жасатуға бейім. Ал оны жүзеге асыратын клиникалық орталықтар тіптен қаптап кетті. Сұлулықтың артынан қуып жүргендер ол үшін ақшаларын да аямауда. Сол ақша түбінде денсаулығына зиян әкелетіндігінен бейхабар. Қабақты хирургиялық жолмен өзгерту 80 мың теңгеден басталып, 350 мыңға дейін жетеді. Ал бетті жасарту 500 мың теңгеден 2 млн-ға дейін теңгені құрайды. Осылайша сұлулық, әдемілік үшін деп ақталып жатқан қыз-келіншектер, шынтуайтында келгенде өздеріне көңілі толмайтынын жасырады. Ал  жасанды нәрсе мәңгілік  болмайтыны анық. 
Негізінде пластикалық ота тумысынан көрмейтін жандарға  немесе белгілі бір себептермен жасалуы тиіс. Асыл дінімізде де тек тәннің кемістігін жою мақсатында ғана мұндай әдіске баруға рұқсат етіледі. Ал оны қолдан өзгертуге Исламда қатаң тыйым салынған. Мұны мұсылмандар Алланың жаратқан ісіне араласу деп санайды. Құран Кәрімде: «Әлбетте, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруға бұйырады»  делінген. Былайша айтқанда адамның тәні – Алланың аманаты.

Көпшіліктің назарын аударту үшін дене мүшелерін пышаққа іліктіретіндердің ісін мүлдем құптауға болмайды. Қазақстанда да пластикалық операциялар жақсы жолмен дамуда. Дегенмен, олардың өмірге қауіп төндіретінін, сәл ғана қателіктің құны орасан болатынын халыққа, әсіресе, жастар қауымына көбірек насихаттаған абзал.

А. ӘБІЛТАЙ
Фото: ашық дереккөден