Дәстүрімізде жоқ мереке

Уақыты: 29.10.2023
Оқылды: 3278
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әр жыл сайын дәстүрімізде, тіпті дінімізде жоқ мерекені тойлайтындар саны көбеюде. Оған себеп, батыс мемлекетіне еліктеп, сана-сезіміміздің біртіндеп улануы. Атап айтар болсақ, «Хэллоуин» мерекесін дәстүрлі түрде тойлап жүрген жастарымызға қарап  көңіліміз құлазиды.

Бұл мереке пұтқа табынушылардың ойлап тапқан дәстүрі еді. Былайша айтқанда, мұны тойлайтындар өлген адамдардың аруақтарын шақыра отырып, олардың жанына тыныштық беру үшін үйлерді аралап, тамақ сұрайды-мыс. Мұның өзі бізде айтылмақ түгілі  ойландырмайтын дүние.

Алайда, қазіргі заманға дейін түрлі өзгерістерге ұшыраған бұл мерекенің бүгінгі ұстанымы тіптен өзгеше. Оған мысал, мұхиттың арғы жағындағы еріккендер тойлайтын, бет-әлпеттеріне түрлі бояулар жағып алып, жын-шайтан кейпіне түсіп көшедегілердің үрейін ұшырып жүрген жастар.    

Былтыр Оңтүстік Кореяда «Хэллоуин» тойлауға шыққан жұрт көшеге лық толып, арты үлкен апатқа ұласқан. Көшеде ине шаншарлық орын қалмай  150-ден астам адам қаза тапты. Соның ішінде көбі 10-30 жас аралығындағы жастар. Белгілі болғандай, көз жұмғандар арасында Қазақстан азаматы да бар болып шықты.

 Ең сорақысы, біздің қаламызда аты жаман мерекені тойлау үшін түрлі мейрамханаларда ұтыс ойындары ойнатылып, жат елдің дәстүрін дәріптейтіндер шықты. 
Тарихты ақтарар болсақ, аталмыш мейрамның халыққа берер жақсылығын көру қиын. Жастарымыздың көпшілігі имандылыққа бет бұрып, арақ-шарап ішуден, нашақорлықтан бас тартып, салауатты өмірге бейімделсе дейміз. Сондықтан да мұндай жат мейрамдарды тойлауға заңмен қатаң тыйым салынуы керек деп ойлаймын.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: ашық дереккөзден