«Заңсыз берілген»: Талдықорған түбінде тарихи петроглифтерді талқандаған кім?

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 3826
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әлеуметтік желіде журналист Дина Имамбайдың «Тарихи петроглифтерді тарихшылардың өзі құртып жатыр» атты жазбасы тез тарап, қысқа уақытта қоғам аңысын туғызды. Дәл осы күні қала әкімі Ернат Бәзіл Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде брифинг берді.

Екі «параллель» жайттың алдыңғысы – әлеуметтік желідегі Талдықорған қаласы әкімдігіне бір ұшы тірелетін кезекті «шикілік» шуы болса, ал екіншісі әдеттегідей шаһар басшысының журналистер алдында істеген ісін реттеп айтқан есебі-тін.

Әуелгі шулы жазбаның толық мәтініне назар салсаңыз, тарихи кешенді жойып жатқан “Темірбетон” өндірістік компаниясы екенін атаған. Сонда қалай? Бұл сұрақтың жауабы да сол жазбада тұр. Еш өзгеріссіз қаз-қалпы мынау:

 Сонымен, Талдықорған маңайындағы тарихи петроглифтерді аяусыз жойып жатқан кімдер екені белгілі болды. Тарихи кешенді карьерге айналдырып, қиыршық тас алып жатқан “Темірбетон” өндірістік компаниясы екен. Ол “АСПМК-519” холдингінің құрамына кіреді. Ең өкініштісі, петроглифтер орналасқан аумақты құрылыс алаңына айналдыруға рұқсат бергендер - тарихшылар. Ол  “Қазархеология” ЖШС және оның басшысы Жұман Смайылов, археолог, тарих ғылымының кандидаты", делінген жазбада.

 

Осылай деп дабыл қаққан журналист «Талдықорғандықтар үгітілген петроглиф тастардан салынған үйде түрып жатқанын біле ме екен» деп сұрақ тастайды. Әрі ол сұрағына орай “Темірбетон” өндірістік компаниясы қиыршық тасты үй салуға пайдаланып жатқанын да атап өтеді.

Ал қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы брифингте өңір журналистінің осы мәселеге қатысты өзіне қойған сұрағына «өте күрделі мәселе» деп тарқата жауап береді.

«Мен ол жерде болдым. Ол жерді көрдім. Өте күрделі мәселе. «Темірбетон» зауытында 700 адам жұмыс істейді. Біз оны жауып тастай алмаймыз. Біз оны жауып тастап жұмысшыларды жұмыссыз қалдыра алмаймыз», – дейді ол.

Бұдан соң қала атқа мінері бұл мәселені прократура да білетінін,  ауылшаруашылық министрлігіне қарасты комитет осы іс бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын алға тарта келіп, тексеріс нәтижесі осы аптаның аяғында шығатынын атап өтті.

Шаһар басшысының өзі «күрделі мәселе» атаған даулы жайттың «тамыры» тереңде екенін жазба авторы да жеткізген.

"Ольга Гумирова бастаған ғылыми волонтерлар дабыл қаққалы қаншама уақыт өтсе де жағдай түзелер емес. Кезінде көне Талхиз қалашығының үстіне автожол салуға рұқсат берген де осы ЖШС екен. Бұл қалашық ЮНЕСКО мәдени мұра тізіміне енген. Жақында бір халықаралық конференцияда сөйлеген ЮНЕСКО өкілі қазақстандықтар көне тарихи мұраны жоюын тоқтатпаса тізімнен шығаратындарын тіке айтқанын өз құлағыммен естігем. Шетелдік мамандардан ұят болды. Былтыр Археология институтында өткен конференцияда осы салада 163 ЖШС бар екені айтылған. Пайдасы болмаса осынша серіктестік құрыла ма. Ашкөз, тек пайда көздеген кәсіпкерлерге тарихи ескерткіштің түкке керегі жоқ. Әлемде теңдесі жоқ петроглифтер кешенін сақтап қалу бәрімізге сын...»,  – дейді ол.

Түйін: Бұл даудағы әзірге екі анық мәселе болса, бірі – заңсыз берілген жер екенін әкімнің өзі айтса, екішісі, мәселе комитет деңгейінде тексеріліп жатқаны. Аталған жайтқа байланысты алдағы уақытта тараптар арасында қандайда бір арыз-шағым болса еркін пікір алаңы ретінде оны да ұсынуға дайынбыз.