КЕЛСЕҢ КЕЛ, КЕЛМЕСЕҢ ҚОЙ

Уақыты: 27.01.2024
Оқылды: 1972
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ ежелгі дәуірден дәстүрін дәріптеп, ұлтын ұлықтаған халық. Дәстүр десе бірден еске тарих қойнауында ғасырлар бойы сақталған салтымыз, ұстанымымыз, той-думанымыз түседі. Бұрында жиналғандардың ізгі тілегін, ақ батасын алу үшін дүйім жұртты шақырып, дүркіретіп той жасауға тырысатынбыз. Ал бүгінгі шақыртудың түрі қайсы?

Заман талабы ма, әлде адамның пейілі өзгерген бе? Бүгінде той жасаймын деген адамның бәрі дайындықты қонақтардың тізімінен бастайды. Бұрында қонақ шақыру үшін арнайы есімдері жазылған шақырту қағазын жіберетін. Оны жіберіп қана қоймай, той иесі арнайы хабарласып, «Міндетті түрде кел. Тойымыздың қадірлі қонағы бол» дейтін еді. Әрине, ондай құрметтен кейін адам сенімді түрде кез келген жиынның төрінде отыруға қуана-қуана барады.

Бүгінде онлайн шақырту билеттері ең үнемді нұсқа болып тұр. Дайын видеоны өңдеп шақырамын деген ағайын-туыс, дос-жарандарға жібере салып, бейқам отыра беруге болады. Алайда, бүгінгі шақыртуларда нақты келетін қонақтың аты-жөні жазылмайды. Көңілге түрлі ой келетіні де осыдан. Тіпті кейде той иесі хабарласып, «Келе аласыз ба? Нақты жауабын айтсаңыз» дегенде шынында адам ниеті өзгерген бе дерсіз. Бағзы заманда үлкен кісілер әр келген қонақтың ризық-несібесі бар дейтін еді. Бірақ, «қалмай кел» деудің орнына «келе аласың ба?» деген хабар алғанда көңілің алай-дүлей болып қалатындай. Расында, whatsapp желісі арқылы келген онлайн шақыртуды алып, қарапайым жұрт не барарын, не бармасын білмей дал болады демесек те санада сауалдар тұратыны рас. «Бастысы шақыртуды жібердім, келсе келер, келмесе қойсын» деген оймен жіберетін адамдар да бар. Адамның ниеті мен пейілі шынайы болса, барлық жақынның басын қосуға барынша тырысып бағады.

«Қонақ келсе құт келеді» деп ата-бабаларымыз айтқандай-ақ, тойыңыздың төрінен көргіңіз келетін әр қонақты атап шақырсаңыз ақ тілегін арқалап келері анық. Қорыта келе бүгінгінің адамы болсақ та ниетіміз бен пиғылымыз бұрынғыдан өзгермесе дейміз.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: zonakz.net