ВЕЙП ТУРАЛЫ ҮШ МИФ

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 2901
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлтының болашағын ойлаған жұрт ұрпағының ұлағатты өсуіне аса мән береді. Талбесіктен басталатын тәрбиені санасына сіңіріп, шыбықтай кезінен түзу өсуін жіті қадағалайды. «Баланы – жастан» деген қағида темірқазығымызға айналғанда ғана ұлтын ұялтпайтын ұрпақ көбейері сөзсіз. Бірақ қазіргі таңдағы Шерағам айтқан «Бір кем дүние...» мың кем дүниеге ұласып бара жатқандай. Аға буынды айтпағанның өзінде тектеп жасындағы жеткіншектеріміздің санасын улап, сансыратып жатқан жаман әдет саңырауқұлақтай қаптап келеді. соның бірі – бүгінгі тілмен айтқанда «вейп» деп аталатын індет. Қоғамды елеңдетіп отырған жамандықтан ұрпақты қалай сақтаймыз деп жанкешті еңбек етіп жүрген қазақтың қайраткер қыздарының бірі – ҚХА аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатайдың мына пікірі бәрімізді бейжай қалдырмаса керек. Оқып көріңіз де ойланыңыз, оқырман!

Вейп дәстүрлі темекі тәуелділігін бәсеңдетуге, кейін қойып кетуге көмектесе ала ма? Әрине, жоқ! Кәдімгі темекіде 0,7-0,9 мг. никотин болса, вейпте никотин мөлшері 20, 40, кейде тіпті 70 мг. дейін барады. Аз мөлшерлі тәуелділігінен арыла алмай жүрген адам анандай дозадан кейін тіпті терең тәуелділікке ұшырайды. Осы орайда ескерте кететін жағдай, тек вейп тартудан пайда болатын өкпе пневмониясының EVALI деген түрінен елімізде емдеу хаттамасы әзірге жоқ. Бас пульмонолог Абай Байкенжиннің сөзімен айтқанда, «емдеу ең сәтті өтті дегенде адам мүгедек болып қалады»!

Вейпке тыйым салынса, қара нарық қаптайды деген де жаңсақ пікір де желдей есуде. Анығын айтсақ, қара нарық қазір де қаптап жүр. Нарықта рұқсат етілгенін пайдаланып, акцизді вейптердің ар жағында контрабандамен көбірек сатылады. Соңғы жылдары кеденнен жалған кодтармен өткен 10 млн. дана вейптің тәркілегенгені соның дәлелі. Ал тәркіленбегені қаншама?! Жалпы бұл індетке тыйым салып, кеденнен өтпеуін бақылау – үйлер мен мектеп маңында орналасқан мыңдаған дүңгіршектегі балалардың көз жауын алған вейп сатылымын бақылаудан әлдеқайда тиімдірек. Сонда ғана аурудың алдын алған болар едік.

Бұл саланың саудасын қыздырып жүргендердің сөзінше, вейпке тыйым салуға атсалысып жүргендер дәстүрлі темекі «лоббисттері», яғни біз екенбіз. Жоқ! Себебі барлық вейп өндіруші компаниялар алпауыт темекі компанияларының еншілестері. Яғни, темекі өндірушілер өздерінің болашақ тұтынушыларын бала күнінен «тұтқындап», даярлап жатыр. Вейпті адам ұзақ шеге алмайды, кемі 2 жылдан соң өкпесі өшіп (өліп қалмаса) амалсыз кәдімгі темекіге өтеді. Бірақ тәуелділіктен арылу өте қиын. Біз үшін темекіге де тыйым салса тіпті, тамаша болар еді. Өкінішке қарай, бұл әзір «утопия». Оның үстіне вейптің зияны темекіге қарағанда өте жоғары. Және ең көп тұтынушысы әйелдер мен балалар. Себебі, жағымсыз иісі жоқ. Сондықтан ата-ана байқамай қалады, портатипті (маркер, құлаққаптың қаптамасы секілді), трендте. Жалпы комплексі бар балалар мен ересектер ерекше көріну арқылы өзіне жалған сенім іздейді, нәтижесінде никотинге тәуелді болып қалады.

Біз аз санымызға қарамастан әлемде вейп тұтынудан 5-ші орындамыз. Бұл трагедия. Вейп индустриясының ел саулығы мен болашағы есебінен баюы жолында қалыптасып үлгермеген балаларды, әлі ақыл-есі толыспаған, өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын, жан-жағын пассивті түрде улап жүрген ересектерді (олар да өз азаматтарымыз) қоса қорғауға міндеттіміз.

Жақында Мәжіліс қаралымында қабылданған вейпке толық тыйым туралы Заң жобасы тезірек күшіне енсе үлкен жеңіс болар еді. Әрі қарай бұдан да маңызды жұмыстар басталады. Тәуелді болып қалғандарды бірден тыйып тастай алмайды. Ол үшін тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізу керек.

Бұған дейін Қазақстан халқы аналар кеңесі ата-аналар атынан вейп айналымына толық тыйым салуды сұрап ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа петиция жолдаған болатын. Оны 20 000-нан астам ата-ана қолдаған.

Тәуелсіз елдің ұрпақтары осындай жаман әдетке тәуелді болып қалмаса екен!

Жұматай Оспанұлы
Фото: anadolumedicalcenter.ru