Ұлт ұяты: Айтпайын десең...

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 2283
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Заманында Төлеген ақын осы сөзді ұлтының ұлына құдайдай сеніп айтты демесеңіз,  бүгінде сол «нарқасқаларына», өзгені қайдам, өзіміз кейде сенуден қалғандай күй кешетініміз бар. Ұр да жық мінезі анадайдан білінетін, жатты жат деп біліп, өзін өзегіне тарта алмайтын «өңшең шірігі» топан көбейтіп, қарасын біржолата молайтқан заман ба дейсің кейде налып. Осы бір ой алғаш рет маған топ қазақ тұрып, бір қазақтың намысын жалғыз өзге жұртқа ноқталап бергенде шындап атойлап шыққан.

«Көлік қалашығы» атанған («Car city» меңзеледі – Қ.Қ) сауда орталығында орысшасы шамалы бір жігіттің қор болғанын көргенім бар. Байыбына барсақ, кіре беріске мінбелете қойылған өзге ұлт өкілінің жаман волгасын байқаусызда сүйкеп өткен. «Жануарының» сауырын да сипамаған, құлақ түбі – айнасын жанап өткен бар болғаны. Жігіттің құдайдай шыны сол. Сосын дейсіз, өзгелердің қазаққа келгенде қашанғы әдеті емес пе, шабына шоқ түскендей туласын келіп. Әлгі байқұсты жерден алып, жерге салған.

«Мал» деді. Десе несі бар? Мал баққан қазақпыз. Малдан жақынымыз жоқ. (Сол сары қасқаны «шошқа» дей салуға мен де дайынмын. Бұған ол да шамданбас). Бірақ, тәніңді бүріп, жаныңды суырып алардай күй кештірген мына орыс бәрінен мықты шықты. Қойшы, әйтеу, алты ата, жетпіс жездесін жездей қақтады. Сүйегі қураған исі қазақтың бабасын «басынып» бақты.

Сөзіне сенсек, «Мәдениет» деген сөзді мына өркениеттің тусыған даласына мұрынынан сүйреп сол орыстың атаекесі әкеліпті. Оған дейін «тобыр» болыппыз, «топас» болыппыз. Қысқа қайырғанның өзінде сүйектен өтіп, жанды ауыртатын сұқтай кесапат сөздер. Ары таманда үрпиісіп он қазақ тұр. Бірі: «машинаны қалай жүргізеді, ей?» десе, енді бірі: «қазақ жүрген жер осы емес пе» деп қауқылдасады.  Иесін қорғап аулақтан үретін ит құрлы адалдығы жоқ. Ақырында, «жетімек» ұлды жығып берді. Орыстың айтқанын әлгі он қазақ «ұғып» көрді. Жанқалтасынан қолма-қол бес мың теңгесін суырып беріп ана бейшара – «мал» кетті. Ал «аттан»-дап көр! Көрге кеткен тектілік өксі, өксі!

Ит жыным келеді. Қаным басыма шауғалы бүгін екінші күн. Тәйірі, мына бала құр мінезбен бусаныпты дерсің. Бусанбай қайтесің? Осыдан бір күн бұрын өзім жалдап тұрған пәтердің алдында айқай-сүрен болды. Бірге тұрып жатқан досымыз екеуміз әдетімізше таң атыра ұйықтауды жөн көрдік. Оны-мұны сыздық. өткен кеткенді айттық. Таң қылаң бере есік алдына бой жазып, ауа жұтуға  шықтық. Жанымдағы досым  аздап ән сөзін жазатын. Орайы келгенде Қайрат Нұртастың шикі әндері сөз болды. Ұялы телефонда бәсең бәз бір ән ойнап тұрды. (дауысы қатты шықты дегеннің өзін де қалтафонда қанша дауыс бар дейсіз).

Сол сәтте қылтимасы құрғырдан көрші тұратын орыс кемпір шыға келіп, дауысын құдайға жеткізе бізді сыбай жөнелді. Біз елді оятпадық. Сіркесі су көтермей тұрған кемпір былайғы жұртты өзі-ақ оятты. Итке теңеп «кет» деген. Әні бар болғырдың үнін өшіріп, бар орысшамызбен «осында тұрамыз» деп айтқанымыз мұң екен. (Онда да «кет» дегенге қалқан қылған самарқау  жауабымыздың түрі осы). «Қайсысында тұрасыңдар, пәтер жалдаушысыңдар ғой?» деп тебітіп, тепсініп сұраған. Көп-көрім жуастығымызды көріп сақшы мекемесіне қоңырау шалып «жылап» алған.  Сонан соң келіп «жанашырларының» жолын қараумен болды. Күйіп-пісіп біз тұрмыз. Осындайда қайдағы есіңе түседі. Ерлі-зайыпты екеу ұрсысып қалып, әйелі ажырасамыз деп болмағасын амалы болмаған күйеуі «Әй, қатын, ажырассақ ажырасайық. Бірақ ертең де күн бар ғой. Алдымен бір шай-су ішіп сусынымызды қандырайықшы. Сен де шөлдедің» деген екен. Сөз осы болған. Дастарқанда басы қосылған, ажыраспаған.  

Діні бөлек, ділі қатты орыс кемпірге не айтпақпыз. Жоқ, жоқ! Екі ұлтқа ортақ ешнәрсе жоқ екен. Арада аз уақыт өтпестен тағатсыз көршіміз сабаздардың құлағын тағы да қоңыраулатты. Бұл жолы дауысы қатты шықты. Біріміз таңғы салқын бойды алып қалар деп киінуге ішке кірсек, оның айтуы бойынша «қашып» жатқанға ұқсаймыз. Не керек, ініне су кеткен тышқандай сақшылар да тез жетті. Кірпіктерін ұйқы жеген. Бізбен араздасып ұйықтағандай сұсты қарайды. Несін айтайын, шаруамыз тез «бітті». Күдікті болып,  Бостандықтағы ІІБ-ге жедел жөнелдік. Жол бойы кемпірдің жаласы нақақ басымыды күйдіріп келеді. Жолда сынып жатқан сыра бөтелкесін нұсқап, «бізді ішті» қылды. Құмырсқаның тас басқаны қандайлық аян болса, біздің ішпейтініміз де тап солай-тұғын. Тіпті аналар оны тексеріп те жатпады. Тексерсе бірден  көршіміздің аузына құм құйылғандай болар ма еді, кім білсін?! Кешегі оғылан ұлдарыңның оғылан басы оққа осылай айдалды-ау, елім? Олардың қасында біз болмаса ат шығарып жер де өртей алмаппыз-ау. Енді, міне «қиянатты» болдық.  Қарақан басымыздың қамына бола қайысатын біз бе? Тіпті ұзаса деймін, түсініктеме алып, әкімшілік жаза қолданар. Тек қынжылатыным мұнда тұтас қазақ ұлтының мүддесі жатқан жоқ па? (Бекболат Тілеухановша сіз де сабырға шақырасыз, мүмкін. Онсыз да сабыры ортаймаған халықтың ұлын).

Қош! Сонымен ырғасып көрсек ырқымызға көнер «жуас» болар емес қой. Аз айтқан болдық, үйдей пәле «енді үндеме» деп тұрды. «Жаздық, жаңылдық, ағатай» деп жүріп әрең құтылдық. «Ал қылышыңды боққа шап» деймін өзіме.

         Осы мақаланы жазып, нүктесі деген бәлені қоюға асығып отырғанымда телефоным шыр ете қалды. Сағатқа қарасам 19:00-ден асқан. Тұтқаны көтергенімде ар жағынан таныс дауыс естілді. Тура сол адам. Атымды атап «қайдасың? Қазір Атакенттегі біздің бөлімшемізге кел» деді.  (бөлімше деп менің айтқаным болмаса оның атын әлде қандай ғып айтқан – Қ.Қ). Әдейі «жолда келе жатырмын. Жай ма? Қанша уақыт боламын онда?» дегенімде «тездетіп осында кел. 10 минут қана уақытыңды аламыз. Қасыңдағы жігіт қайда? Ол да келсін». Бар айтқаны осы. Жанымдағы жолдас жігіттің Таразға кеткенін ескерткем. Өзі де сол жерде болғанда жол жүріп бара жатқанынан құлағдар еткен болатын. Себебі, олар іздейтіндерін айтып, қандай жағдайда да ұялыны өшірмеумізді сұраған...

Өзіммен бірге тұратын өзге бір досыммен бірге жолға шығуын шығып алсақ та жол бойы алаңдай бастадық. Мезгіл де тым кеш боп барады. Бұл не қылған шақырту? Межелі жерге таяп қалғанда шыдамай хабарластық. Атакенттің ішкі жағында күтіп отырғандарын айтады. Енді, шындап тіксініп қалдық. Ағаларымызға хабарласқанда барып білдік. Заң бойынша бармау керекпіз. Бұл біздің құқығымыз екен. Өйткені, біріншіден, мемлекеттік заңды жұмыс уақыты ақырласқан. Екіншіден, бізді қалаған жерлеріне шақыра алмайды. Әуелде қай жерде түсінік бердік, сол жерге ғана шақыруға құқылы екенімізді айтты жақындарымыз. Бұл шақырту сонда не үшін? Кейіннен естісек мұның сырын жалпақ жұрт біледі екен...

          Бір ағамның аузынан мысқылға толы бір мысал естігем. Баяғда болған көрінеді. Бірде  жұмыстан қайтып келе жатса кіші дәреті кенеттен келеді. Сөз бар ма, күн де суық. Желтоқсанның беттен алып тұрған күндері көрінеді. Қала болса да мұндайда ұятты қайтеді. Ақыры бір тасаға барып, кеңіп қайтады. Осы сәтте сайтанның сапалағындай екі сақшы сап ете қалады. «Мұныңыз заңға қайшы. Әлеуметтік орында бұлай болмайды»  деп тергей бастайды. Сонда ағамыз: «Күніне осында келімсек орыстың мың сан иті асыр салып, сиіп-тышса да үндемейсіңдер. Ал, қазақтың бір жігіті өз отанында, өз жерінде қысылып, бір бұрышқа «бұрылған» екен. Соны көріп қалдыңдар ма?»  дегенінде әлгілер сүмірейіп:  «Ойбай, аға, кетіңізші болды, үндемеңіз!» деген екен. Біз болсақ, тәуелсіз елдің азат таңында жалдамалы пәтеріміздің алдында бір ән тыңдаппыз (жорта емес, әрине).  Сол орыстың несі кетті екен? Күні кеше ғана жанымдағы балалардан темекі сұрап шегіп жүргенін ұмытарға не күн туған? (Өзге ұлттарда темекі ұсынғанды құрмет санап, разы боп жүретіні қайда? Әсіре, осылар). Осындайда Керекулік Рауза ханымның жазбасы есіме түседі. Осындай да сол кісіге «Сіздің Керекуіңізді, білмеймін, біздің Алматы да оңып тұрған жоқ» деп айтқым келеді! 

Қ. ӘБДІҒАПАР 

Фото: kazislam.kz