Жастар не жеп жүр?

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 2086
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір жылдам тамақтану орындарында аты да, заты да бейтаныс тағам түрі көбейді.  Бірақ  дәл осы фастфудқа жастар жағы үйір болып алған. Алайда соңғы кездері бұл ас үлкендерді де өзіне баурап бара жатқанын көзіміз көріп жүргенін несіне жасырайық.

Көше бойында, аядай ғана бөлмеде әзірленетін фастфуд өнімдерін мамандар мүлдем пайдалануға болмайды деп дабыл қағып, үнемі ескертіп-ақ келеді. Алайда оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Тағамның сапасы мен құрамында не бар екендігі көпшілікті аса мазалай бермейді. Бірақ бұл адам денсаулығына өте зиян. Фаст-фуд тағамдарын біреулер күнде тұтынса, кейбіреулер анда-санда ғана пайдаланады. Тамақты үйде асықпай дайындауға мүмкіндік болмай жатса, тапсырыс бере салуға әзірміз. Еріншектік, жалқау- лықты ысырып қойып, дайын асқа жүгіруге әуеспіз. Бұл, әрине, дұрыс емес. Әсіресе балаларды кішкентай кезінен бастап мұндай тамақтарға үйретпеген жөн. 

Фастфуд өнімін сатушылар әдемі жарнама арқылы тұтынушылардың назарын өздеріне аударады. Жеңсік асқа құмар адамдар көз жауын алатын жарнамаға еліктеп, денсаулығын құртып жатқанын да байқамай жататындары өкінішті. Осындай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп кездесетіндіктен дәрумен мүлде жоқ. Аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады. Соңында артық салмақ, гастрит және жалпы әлсіздікке душар болатындардың қатары артады.  

Шығыс даналығында «Қандай ас ішсең, сондай ұрпақ өседі» деген нақыл сөз бар. Сондықтан да күнделікті ішетін асыңызға аса қатты мән беріп, денсаулығыңызға ұқыпты қарағаныңыз жөн. 

Ақжүніс АУҒАНОВА,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 
филология мамандығының 3-курс студенті

Фото: Pixabay