Әміренің өр үнін қайталады

Уақыты: 06.02.2017
Оқылды: 1506
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кезінде Францияның Париж қаласында ән салған Әміре Қашаубаев атамыз әлем жұртшылығын өзінің ғаламат даусымен таңғалдырған болатын. Бүгінде Әміре атаның жолын қайталаған қазақ әншісі Димаш Құдайбергенов миллиардтаған халқы бар аспанасты елі Қытайда өзінің қайталанбас даусымен көпті таң-тамаша етті.

Ол кең диапазонды және ән орындағанда акдемиялық және бэлтинг техникасын аса жоғарғы деңгейде меңгергенін байқауға болады. Димаштың өзін-өзі сахнада ұстау әдебі тектілердің ұрпағы екенін аңғартып тұрды. Қытай елімен біз көршілес мемлекет болсақ та дініміз де, салтымыз да басқа. Бірақ, өнерге деген құрметіміз ортақ. Димаш өзінің сирек кездесетін даусымен және әнді орындау шеберлігімен алғашқы минуттарда-ақ елдің сүйкімдісіне айналып үлгерді. Мұны телеарна арқылы тамашалаған біздің төбеміз көкке жеткендей болды. Менің бойыма қазақ еліне Әміре Қашаубаев атамыз қайта тіріліп келгендей сезім ұялады. Оның шырқаған әнінен кейін сансыз жанкүйер пайда болды. Ол жанкүйерлеріне қолын созып, өзіне арналған тілектеріне, жылы лебіздеріне жымиып қана жауап қатты. 
Шындығы керек, бұған дейін Димаштың өнеріне өз деңгейінде баға бере алмадық. Оның әнін аса көңіл бөліп тыңдамадық, дауысы қыздың дауысындай жіңішке деген сөздер де айтылды. Оған себеп – халқымыздың оның ән айтудағы шеберлігін дұрыс білмеуі мен түсінбеуінде дер едім. Ал, өзгелер оны Ресей халқының Витасына теңеді. Алайда, Димаштың дауысы одан екі есе асып түсетінін біз білеміз. Оның есімінің өзі Дінмұхаммед болғандықтан жолы да Қонаев атамыздай сарқылмас жеңістер мен қуаныштардан тұратынына кәміл сенеміз. Біз әлі де Димаштың өнерінен ғажайыпты күтеміз. 
Сансыз халқы бар Қытай мемлекетін мойындату – әлемді бағындырумен тең. Демек, Димаш өнерімен әлемді бағындырды деп есептеуіміз керек. Қазақ елі осындай шет мемлекетте дарындылығын мойындатқан ұлымен қашанда болсын мақтанады.


 А. Құндәулет.