Қоржынымыз қомақты

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1232

Талдықорғандағы спорт интернатының оқушылары жыл соңында түрлі жарыстарға қатысуда. Әр сайыстың қорытындысы бойынша облысымыздың жеткен жетістігі қомақты. Осыған орай өңіріміздегі спорт мектебінде жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттады.

Еркін күрес. Жезқазғанда 2002-2004 жылғы жасөспірімдер арасында еркін күрестен Қазақстан біріншілігі өтті. Бұл сында облысымыздың намысын қорғаған Алтын Шағаева 48 келі салмақта алтыннан алқа тақса, Қарлығаш Қайса 62 келіде күміс жүлдегер атанды. Дубек Тыныс 52, ал Аяулым Тастанбекова 57 келі салмақ дәрежелерінде қола жүлдені қанжығасына байлады. 
Бокс. Қызылордада 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында бокстан өткен республикалық турнирде Арнұр Қайпанов 36, Мейірбек Қайпулда 46 келі салмақта чемпион атанды. Ал, мектеп және колледж арасындағы «Алтын қолғап» атты республикалық турнирде Ұлжанай Мамутова бас жүлдені жеңіп алды. Екібастұзда 2002-2003 жылғы жасөспірімдер арасында өткен жарыста Асхат Болатов 57, Ернұр Меделханов 70 келі салмақта қола медальді еншілеп, ел біріншілігіне жолдама алды.
Велоспорт. Астанада велоспорттан 2001-2003 жылғы жасөспірім қыздар арасында  ел біріншілігі өтті. Бұл сында Кристина Титовская жарыстың барлық медалін жеңіп алды.
Дзюдо. Ресейдегі Челябинск қаласында дзюдодан 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында өткен «Дорого к Олимпу» атты турнирінде Елдос Сұлтанбеков 55 келі салмақта 1-орынды жеңіп алса, Шыңғыс Болатбеков 66 келі салмақта 3-орынды қанағат тұтты. Ақтауда дзюдодан 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде Ш. Қадырсыз, А. Байғазы чемпион атанса, Ш. Қуанов күміс медальді мойнына тақты. Үшаралда дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен «Әкім кубогында» А. Әділбеков 38 келіде 1-орынды иемденсе, Н. Максим 2-орынға табан тіреді. Талдықорғанда дзюдодан жасөспірімдер арасын Тәуелсіздік күніне арналған турнирде Д. Буркеева 44,       Ж. Әбілхан 60, А. Байғазы 81 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды жеңіп алса, Ш. Қадырсыз 2-орынды еншіледі. Е. Мұратханов 73 келі салмақта 3-орыннан көрінді.

 

Айдар ҚАЛИЕВ.