Ала тақтаның атасы

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1345

Спорттың қай түрі болмасын адам денсаулығының жетілуіне, рухани дамуына ықпал етері сөзсіз. Солардың ішінде ақыл-ой еңбегін, терең тұжырым мен толғанысты талап ететін тақта ойындарының орны ерек. 

Алакөл өңірінің өрендері білімді қажет ететін спорт түрлерін жетік меңгерген. Солардың ілкімдісі ретінде тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарының ілгерілеуіне тың төңкеріс, серпіліс әкелген Бәшен Дүйсебайұлын ерекше атап өтуге болады.
Халықаралық дәрежедегі төреші атағын еншілеген санаулы жерлестеріміздің сапындағы Бәшен ақсақал жуырда сексен жастың сеңгір биігін бағындырды. 
Абыз кісінің аты мен атағын, еңбегі мен егде жасын сыйлаған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жанама ауылдық округінің әкімдігі «Ардагерлерді ардақтайық» бағдарламасының аясында Бәшен Қоразовтың құрметіне шахматтан дүбірлі дода ұйымдастырды.
Шараның ашылу салтанатында алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары А. Абдинов ақсақалды сексен жасқа толуымен құттықтап, өз дәрежесіндегі һәм одан да биік дәрежеге көтерілетін ізбасарларын дайындап, аудан спортында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра беруіне тілектестік білдірді.
Келесі болып мінберге көтерілген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы О. Мұхаметқалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Байбазаров, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ. Көкебаев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Садиев ақжарма тілектерін ағытса, Жанама ауылдық округінің әкімі Т. Байзақов мерейтой иегерінің иығына шапан жапты.
Ордалы ойды талап ететін ойынға өңіріміздің түкпір-түкпірінен зердесі алғыр, зейіні ұтқыр жиырмадан астам үміткер жиналды. Барлығы да бәсекеге лайықты, бас жүлдеден  дәмелі.
Олай деуімізге ала тақтаның айла-шарғысын алпыс жасында да жадынан өшірмеген жасамыс аталарымыздың, жас болса да жүрістерінен жаңылмаған кейінгі толқын өкілдерінің талабы, талпынысы дәлел бола алады.  Сақалды бастарына салиқалы амалы жарасқан ақсақалдарымыз аламанның алдын бермеуге ұмтылса, құлын күндерінен құнандарды озған жас шахматшылар үздіктер қатарынан көрінуге ерекше ұмсынды.
Бәсекенің қорытындысы бойынша Е. Исалдаев 3-орын, Т. Каримжанов 2-орынның мінберіне көтерілді. Ал алдына келгенді алты жүріспен алып-соғып, мүмкіндік бермей «Мат» қоятын Е. Байзақов бас жүлдені қанжығалады. 
Ала тақтада аты озып, алға шыққандарға ақшалай сыйлақтар, медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.
Алакөл ауданы.