Төрткүл дүние төрт жылдан соң

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1353

Жаңа жыл есігін аша салысымен Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төртжылдықтың басты аламанында әлемнің 90 елінен келетін 2500-ден астам спортшы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығын сарапқа салады. 

Ұйымдастырушылар пайымынша, Халықаралық олимпиада комитетінің бұл доданы Оңтүстік Кореяға сеніп тапсыруына спорттық нысандардың бір-біріне жақын орналасуы себеп болған. Қатысушылар спорт алаңдарына жету үшін ары кеткенде 30 минутын жұмсайды. Ал олимпиадашылар Альпенсия, Енпхен, Феникс-Парк тау-шаңғы курорттарындағы және Каннын қаласындағы қонақүйлерге жайғасады. Тау кластері шаңғы спорты, биатлон, бобслей, шанамен сырғанау және скелетоннан өтетін жарыстарды қабылдайды. Бұдан бөлек Олимпиада-2018-дің ашылу және жабылу салтанаттары өтетін олимпиадалық стадион да осында орналасқан. Жағадағы кластерде хоккей турнирлері, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау мен керлинг ұйымдастырылады. 

«Альпенсия» биатлон орталығы (Alpensia Biathlon Centre)
Биатлон орталығы Альпенсия тау-шаңғы курортының шекарасында орын тепкен. Ойындар кезінде биатлоншылардың өзара кім мықтыны анықтайтын алаңына айналады. Кешен 1998 жылы салынып, 2007 және 2015 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Альпенсия» биатлон орталығында биатлоннан 2007/2008 және 2016/2017 жылдары Әлем кубогі өтсе, 2009 жылы әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. 

«Каннын Овал» (Gangneung Oval)

«Каннын Овал» – Каннын қаласындағы жабық коньки стадионы. Ақ Олимпиада барысында конькимен жүгіру жарыстары осы жерде өтеді. Мұнда стандартты 400 метрлік екі жолақ бар. Сыйымдылығы – 8 мың көрермен. Кешен құны 36,8 млн. долларға бағаланған.  «Каннын Овал» құрылысы 2014 жылдың қазанында басталса, 2017 жылдың қаңтарында қолданысқа берілді. Тіпті араға ай салып конькимен жүгіруден әлем біріншілігі аясында жекелей қашықтықтар бойынша жарыстар өтті. 

«Альпенсия» шаңғы орталығы (Alpensia Cross-Country Centre)
«Альпенсия» шаңғы орталығы Альпенсия тау-шаңғы курортты аумағының шекарасында – осы тектес биатлон орталығының жанында орналасқан. Мұнда шаңғы жарыстары мен шаңғы қоссайысы өкілдері бақ сынайды деп жоспарлануда. 1998 жылы негізі қаланған нысанға 2009 жылы қайта жөндеу жүргізілген. Ал 2017 жылы олимпиада алдындағы тексеріс жарыстары аясында тау шаңғысынан Әлем кубогі кезеңін қабылдады. 

Каннын мұз айдыны (Gangneung Ice Arena)
Көрермендер мәнерлеп сырғанау және шорт-трек сайыстарын дәл осы Каннын мұз айдынынан тамашалай алады. Аренаның ресми ашылуы 2016 жылдың 14 желтоқсанында өткен. Құрылысына 85 млн. доллар жұмсалған кешен бір уақытта 12 мың көрерменді сыйдыра алады. Олимпиада алдындағы тестілік жарыстар кезінде биыл мәнерлеп сырғанаудан Оңтүстік Корея чемпионаты, төрт құрлық біріншілігі және шорт-тректен Әлем кубогінің кезеңі ұйымдастарылды. 

«Альпенсия» шана-бобслей орталығы (Alpensia Sliding Centre)
«Альпенсия» шана-бобслей орталығы – бобслей, шана, скелетон трассасы кешені. Ол Пхенчхан уезіне қарасты Дэквалъмьён елді мекеніндегі Альпенсия курорты маңына орын тепкен. Аталған орталықтың құрылысы 2013 жылдың желтоқсанында басталып, 2017 жылдың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл кешен 7 мың көрерменді оп-оңай сыйдырады, ал құрылысқа жұмсалған шығын 122 млн. долларға тең. Ең ұзын трассаның қашықтығы – 2018 метр. Сөре сызығы 940 метр биіктікте орналасса, мәре сызығы 800 метр биіктікте. 

«Альпенсия» тұғырдан секіру кешені (Alpensia Ski Jumping Centre)
Шаңғымен тұғырдан секіруден, сондай-ақ сноубордың биг-эйр түрінен және шаңғы қоссайысынан жарыстар өткізуге арналған кешен 2008 жылы есігін ашты.  2015 жылдың сәуірінде қайта жөндеу жасалып, Олимпиада аясында халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Сыйымдылығы – 13 мың 500 адам (11 000 отыратын орын және 2 500 тұрып тамашалайтын орын).Кешенде К-98 және К-125 тұғырлары бар. Ал Олимпиададан соң нысан ұлттық жаттығу жасау орталығы ретінде қолданылатын болады. 

Каннын хоккей орталығы (Gangneung Hockey Centre)
Каннын қаласында орналасқан мұз айдыны хоккейден жарыстар өтетін негізгі аренаға айналады. Шанадағы хоккей сайыстары да осында ұйымдастырылмақ. Аренаның құрылысы 2014 жылдың наурызында басталып, 2017 жылдың наурызында ресми түрде ашылды. Билік ғимарат құрылысына 90 млн. доллар жұмсаған. Сыйымдылығы – 10 мың адам. 2017 жылы бұл орталық «А» тобының екінші дивизионында әйелдер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын қабылдап үлгерді.   

Квандон университетінің спорттық аренасы (Kwandong University Gymnasium)
Бұл кешен Квандон университетінің кампусында орналасқан. 2018 жылғы Олимпиада кезінде бұл нысанда Каннын хоккей орталығымен қатар хоккей жарыстары ұйымдастырылады. 2014 жылы негізі қаланған кешен 2017 жылдың ақпанында келушілерге есігін айқара ашты. Сыйымдылығы – 6 мың көрермен.  2017 жылы Квандон университеті аренасы тестілік жарыстар аясында «А» тобының екінші дивизионында әйелдер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын қабылдады.  

Каннын керлин орталығы (Gangneung Curling Centre)
Бұл кешен 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындары барысында жабық мұз айдынға айналып, керлингтен жарыстарды қабылайды. Арена Каннын шаһарындағы жағалауда бой көтерген. Бұл орталықта 1999 жылы қысқы Азия ойындары кезінде де сайыстар, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирлер (2005, 2011), шорт-трек (2007) пен керлингтен әлем чемпионаттары (2009) өткен. 1998 жылы құрылысы аяқталған нысан 3,5 мың көрерменге арналған.

Бокванг экстрим-саябағы (Bokwang Phoenix Park)
Олимпиада кешені екі бөлікке бөлініп, бірінде фристайлдан, екіншісінде сноубордтан жарыстар өткізіледі. «Фристайл орталыққа» 4 мың адам сыйса, сноубор жарыстарын 6 250 адам тамашалай алады.

Енпхен тау-шаңғы орталығы (Yongpyong Alpine Centre)
Енпхен тау-шаңғы базасы Оңтүстік Кореяның қары ең көп жеріне салынған. Әлемнің талай танымал тұлғасы бақ сынаған бұл орынды жергілікті тұрғындар ерекше құрметтейді. Мұнда үкіметтік деңгейдегі көптеген іс-шара, атап айтсақ, 42 ел қатысуымен слалом, биатлон, спринт, сноуборд жарыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің ұйымдастыруымен қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық фестиваль өтті.  Тау шаңғысы базасының құрылысына шетелдік инвесторлардың 84 млн. доллар қаржысы құйылса, ал Олимпиада қарсаңында тағы 50 млн. доллар жұмсалған. Сыйымдылығы 18 мың адамды құрайтын кешенде тау шаңғысынан турнирлер өтеді. 

Чонсон тау шаңғы кешені (Jeongseon Alpine Centre)
Чонсон Олимпиада ойындары кезінде екінші тау шаңғы орталығы болып табылады. Бұл курортты қалашық Пукпхенмен аумағында орналасқан. 2018 жылғы Ақ Олимпиада аясында мұнда жылдам сырғанау, супер-гигант және тау шаңғы комбинациясынан жарыстар ұйымдастарылады. Оған 18 мың адам сыяды. Ерлер арасында жылдам сырғанау 1433 метрлік биіктікте басталып, ұзақтығы 3,5 шақырымға жалғасады. Әйелдер арасындағы сын 1380 метрден басталып, қашықтығы 2,5 шақырымға жетеді. Мәре сызығы 540 метрбиіктікте орналасқан.Дегенмен кейбір экологияны қорғау ұйымдары Чонсонда жарыстар өткізуге қарсы шығуда. Себебі, мұндағы орман алқаптары қорық ретінде қорғауға алынған. 
 

Пхенчхан олимпиада стадионы (Pyeongchang Olympic Stadium)
Мұнда екі ауқымды іс-шара ұйымдастырылады: Қысқы ойындардың ашылу және жабылу салтанаттары. Сонымен қатар, Паралимпиада ойындары да осында өтеді. Уақытша жасалған стадион Альпенсиядан екі шақырым жерде орналасқан. Бұл стадионға 35 мың көрермен сыяды. Кейбір трибуналар 2018 жылдың қарашасында алынса, негізгі ғимарат үш қабатқа дейін қысқарады.Сондай-ақ мұнда жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді. Басты нысанның құрылысына 9,4 млн. доллар қаржы жұмсалса, оның 6 миллионы негізгі ғимаратқа кеткен. Мысалы, Сочидегі «Фиш Аренаның» құрылысына Ресей 23,5 млрд. рубль шығындаса (390 млн. доллар), тағы 4 млрд. рубль (60 млн. доллар) 2018 жылы өтетін әлем чемпионаты қарсаңында қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалды. 

Әмір Сана.