ҮЗДІГІ КӨП КЛУБ

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1569

«Сағадат батыр» спорт клубында жаттығатын балуандарымыз биыл да бізді толағай табыстарымен қуантты. Үздігі көп клуб халықаралық турнирлерде, Әлем және Азия чемпионаттарына барып, жүлделі орындармен олжалы оралды.

Атап айтсақ, Әбу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында Мәди Құрманғожаев 3-ші рет әлем чемпионы, Мәскеуде өткен «Gimnasium Cup» халықаралық турнирінде де жеңімпаз атанды. 10 жасар Жібек Құлымбетова «Arlan Grip», «Mace», «National PRO» халықаралық джиу-джитсу және грепплинг турнирлерінде жүзден жүйрік шықты. Жасөспірімдер арасында джиу-джитсу және грепплинг күресінен Нұртуған Бекмұрат халықаралық турнирлерде екі салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түсіп, қарсылас шақ келтірмей, қос алтынды қанжығасына байлады. Елжан Жұмаділ аралас жекпе-жектен Азия чемпионы атанды. Джиу-джитсу және грепплинг халықаралық турнирлерінде үнемі алтыннан алқа тағып жүрген Әділхан Ақжолтай «National PRO» халықаралық турнирінің чемпионы және «Арлан грип» ашық Азия чемпионатында Самат Айтпанбет күміс жүлдегер атанды.

Осы жылғы жетістіктерді бөлісу мақсатында Алматыдағы «Qazaq» мейрамханасында «Сағадат батыр» спорт клубының жылдық қорытынды есеп беру кеші өтті. Жиынға қоғам қайраткері Махмұт Нәлібаев, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, генерал-майор Талғат Нұрмағамбетов, Ауған соғысының ардагері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахметов, Бразилиялық джиу-джитсу және грепплинг федерациясының өкілі Сәдірбай Рахмет қатысты. Сонымен қатар, биылғы үздік нәтижеге қол жеткізген «Сағадат батыр» спорт клубынан 15 шәкірт келді. Спортшылар қонақтарға боз кілемге шығып, өнерлерін паш етті. Жас спортшылардың өнеріне тәнті болған ел ағалары ақ батасын беріп, әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді. «Сағадат батыр» спорт клубының шәкірттеріне Махмұт мырзаның қолынан диплом мен «Ең үздік спортшы – 2017» кубогын алу бұйырды. 

Талай жасқа бағыт-бағдар беріп, ауыл спортының дамуына үлкен үлес қосып және елінің біртуар азаматы Сағадат Нұрмағамбетовтың дара жолын дәріптеп жүрген грепплингтан Азия чемпионы, джиу-джитсудан, аралас жекпе-жектен ҚР чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаровқа Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров ризашылығын білдіріп, Сағдат Нұрмағамбетов атындағы медальмен марапаттады. 

«Сағадат батыр» спорт клубының шәкірттерін жасөспірімдер арасындағы еліміздің ең үздік командасы деп айтсақ артық болмас. 80-нен астам шәкірттің 15-і халықаралық ареналарда қазақ елінің атын шығарып жүр. Болашағыан үлкен үміт күттіретін спортшыларға ел ағалары ақ баталарын берді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлұлы балаларға өз өлеңдерін оқып, кешке жиналған қонақтардың және спортшы жастардың рухын бір көтеріп тастады. Шараға келген ата-аналар да алғыс білдіріп, «Сағадат батыр» спорт клубында балалары жаттығып, тәрбие алып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Нұрсұлтан Орынбасаров алдағы уақытта «Сағадат батыр» спорт клубы республикамыздың басқа да қалалары мен облыстарында филиалдары ашылып, 2018 жыл джиу-джитсудан «Сағадат батыр» халықаралық турнирі өтетінін айтты.

 

Бақыт ЖАҚАШ,

Іле ауданы.