ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТТЫ

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1248

Көксу ауданына қарасты Амангелді ауылы, Зылиха Тамшыбаева атындағы мектепте волейболдан Ауған соғысының ардагері Жанат Есмұратовты еске алуға арналған турнир өтті. Жарысқа әр ауылдан іріктеліп келген командалар қатысты. 

Шара Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Төлемұрат Сейітниязовтың алғы сөзімен бастау алды.
 – Ауған соғысының ардагерлері халқы үшін қанын төккен ержүрек батырлар. Біз елі үшін жанын берген ерлерді ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі шара жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, ерлерімізді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Біз батыр бауырларымызға қызмет көрсетуіміз керек.  Игілікті шараның өтуіне мұрындық болып, демеушілік жасаған Ауған соғысының ардагерлері Сайлаукез Ахмолданов пен Марат Әйнековке алғысымды білдіремін, – дей келе мектепке Жанат Есмұратовқа арналған ескерткіш тақта орнатты.
Осыдан кейін Талдықорған гарнизоны байланыс полкі командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақтығали Әлімбаев: «Елбасымыз жастардың патриоттық тәрбие алуына үлкен көңіл бөліп келеді. Ал, бүгінгі ел ерін еске алып жатқан кеш өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін оятып, батыр бабаларымыздың ерліктерін бойына сіңірері сөзсіз», – деп Ауған соғысының ардагерлеріне жылы лебізін білдірді. 
Келесі сөзді Ауған соғысының ардагерлері Сейфолла Шакарманов, Амангелді Омаров, Қанат Кесебаев, Талғат Ташкенбаев, Еркін Ерғожанов алып, Жанат Есмұратов жайлы тебіреністі естеліктер айтты.
Ұлағатты шара оқушылар арасындағы волейболмен жалғасты. Сайысқа келген командалар алғашқы ойыннан-ақ тыңғылықты дайындықпен келгендерін көрсетті. Бірінші  партиядан-ақ білек сыбана алаңға шыққан оқушылар барын салып әдемі ойын өрнегімен ерекшеленді. Әуе добын жетік меңгерген балалар жойқын соққыларымен танылып, ала допты ұршықша иірді. Асқан шеберлік пен тактиканы паш еткен спортшылар нағыз классикалық ойын үлгісін көрсетті. Әсіресе, ақтық сындағы қос команданың ойын өрнегі жұртшылықты тәнті етті. Тартысқа толы ойын көрсеткен волейболшылар көрермендердің қошеметіне бөленді. 
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Зылиха Тамшыбаева атындағы мектептің оқушылары жеңіп алды.  2-орынды Ж. Егінбаев атындағы мектептің оқушылары қанжығасына байласа, Қ. Жапсарбаев атындағы мектептің білімгерлері үздік үштіктің қатарынан көрінді. 

Айдар ҚАЛИЕВ.