Білім ордасындағы бәсеке

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1527

Мағыналы өмір сүруді аңсаған біздің халық тамырын тереңнен алатын тәрбие бастауын жаны мен тәні сау, рухы биік ұрпаққа ғана табыс етуді армандаған. Ал осы ұрпақтар арасында сабақтасып келе жатқан қағида Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан анық көрінеді. Осыған орай «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты спорттық  көңілді эстафеталық жарыс өтті.

Сайысқа мұрындық болған  Еңбек ауылында мектепке дейінгі шағын орталығы бар. №22 орта мектеп  ұжымы мекемесі. Бұған дейін де көптеген игі іс-шараларды  өткізіп жүрген білім ордасының тәжірибесі мол. 
Шараның негізгі мақсаты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы қоғамдық рухани жаңғырудың ауқымды идеяларын іске асыруда ауыл мектептері арасында жаппай спортпен шұғылдануға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамда достық қарым-қатынастар орнату болып табылады.
Жарысқа Өтенай ауылдық округіне қарасты №21, 22, 23 мектептерден отбасылық  командалар қатысты. Атап айтсақ, №21 орта мектебінен «Барыс» командасы – Есенгелді отбасы, №22 орта мектебінен  «Жас қыран» командасы – Асбековтар отбасы  мен «Болашақ» командасы – Бекішевтер отбасы және №23 орта мектебінен «Сұңқар» командасы – Бақытбековтар отбасы.
Олар ойын шарты бойынша арнайы қойылған кедергілерден сүрінбей өтіп, межеге белгіленген уақытта жетуі керек. Сонымен қатар, допты жерге ұрып, бағаналардан айналып өтуі тиіс.
Бұл жарысқа әрбір отбасының тек жеңіс үшін келгені көрініп тұрды. Алайда байқаудың бірінші орнын қарсыластарына қарағанда қарымы мол №23 орта мектебінің «Сұңқар» командасы иеленді. Тиісінше екінші орынды «Болашақ» командасы алса, үшінші орынға «Жас қыран» командасы лайық деп табылды. «Ынталандыру» жүлдесі №21 орта мектебінің «Барыс» командасына бұйырды.
Көңілді жарысқа қатысқан командаларға №22 орта мектебі мен кәсіподақ  ұйымының әзірлеген бағалы  сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ, қалалық  білім  бөлімінің Мақтау грамоталарымен марапатталды.

Мұхтар КҮМІСБЕК.