Шүкір деймін жер басып жүргеніме

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 2093

Өмірде сүрініп кетіп қайта тұра алмаған жандар көп. Қатал тағдырдың сынағына шыдамай, жалғаннан баз кешіп, қоғамнан аласталып қалғандар қаншама?! Тіпті, он екі мүшесі сау адамның өзі сәл ғана қиындыққа қарсы тұра алмай, өмірден күдер үзіп жатады. Ал мен бүгінгі жазбама өмір есігін сау ашқан немесе туа бітті мүгедек болған жандардың қилы тағдыры мен өмірге деген құлшынысын, ағысқа қарсы жүзіп қайырлап қалмай, алға ұмтылған жарымжан адамдарды сөйлетуді жөн көрдім. Жаңа айдарды «Тасжарған» деп алуымның да өзіндік сыры бар. Бойында кемістігі болғанмен өмірде жеңісі көп адамдардың ісі көпке үлгі болмақ. Осындай мүмкіндігі шектеулі болса да талай жеңісті күнді басынан өткерген Қанат Үсеновтің де айтары бар. Қанатпен сырласа отырып, ішкі дүниесін ақтаруға тырыстық. Олай болса, шағын ғана жазбаға жүрек қылын шерткен Қанаттың әңгімесін өз аузынан  тыңдап көрелік.

– Әкем Шәкәрім мен анам Розаның тұла бойы тұңғышымын. Тағдырдың жазуы болар, жарық дүниеге кемістігіммен келдім. Дүние есігін ашқаннан бері мойныма бойтұмар етіп тағылғандай дәрігерлердің таңып берген «ДЦП» деген диагнозы бар. Бұл менің мәңгілік серігім шығар. Бірақ мен оған өкінбеймін, кей кезде өкінген күнім де болған. Амал нешік, Жаратқанның жазуы болар. Жастайымнан өмірге деген құштарлығым басым болды. Ес білгелі талпынып келемін. Оған дейін қызыл шақа кезімде ата-анам бейімдеді. Дәрігер біткеннің барлығын аралаған болар, оны жүрегім сезеді. Өйткені, менің әкем мен анам өмірге ғашық жандар. Сол ғашықтықтың арқасында маған жарық дүниені сыйлады, тырмысып жүріп қатарға қосты. Сол үшін де әкем мен анама ризамын. Әрине, ел қатарлы еңбектемедім. Бірақ бауырыммен жылжыдым. Қаз тұрып, қадам бастым. Тіл қатып, «мама» мен «әке» дедім. Осының барлығы адам баласы үшін жеңіс, жетістік, нәтиже. Бала күнімде осының бәрін меңгерсем, өскенде неге тұралап қалуым керек? Әке өсиеті мен ана ақылы алға жетеледі. Өмір мені маңдайымнан сипамағанмен қолтығымнан демеді. Олай болса менің міндетім қоғамның белсенді мүшесі болу. Осы менің басты қағидам болды. Оны үйреткен, әрине, ең бірінші әкем. Ол өмірге шынайы көзбен қарайтын жан. Ешкімнің мүсіркеуін керек етпейді. Жығылдың ба, қайта тұр, еңсеңді тік ұстап, алға ұмтыл деген ұраны әлі күнге жадымда жаңғырады. 
Рас, бұл Қанаттың өмірге келген күннен бастап, балғын балалық шақтағы жеткен жетістігі. Сау адамдардың қатарына қосылды. Ал, енді оны қоғам қалай қарсы алды? Он екі мүшесі сау ойын баласы қасына ертті ме? Оны тағы да Қанаттың өз аузынан естиік.  
– Аулада бала көп. Алғашында қамқорлық танытып, қатарына қосты. Іштей аяушылық танытып жүргендерін де ішім сезеді. Біле тұра тіл қатпадым, қатарымнан қалмай ол тепкен допты мен де тептім, ол иірген сақаны мен де иіріп, көздеген асығыма тигіздім. Жүгірсе жүгірдім, шаң қаптырмасам да, құйысқан тістестім. Қашса қудым, қуса қаштым, әйтеуір бала болып ойынға кіріктім. Енді бірде велосипед тебуге ұмтылдым. Алғашында құлаған күнім есімде. Денемнің ауырғанын да сездім бірақ көзімнен жас шығармадым. Құлағанымды көрген әкем, келіп демемеді. Құласаң тұрасың деген сыңай танытты. Өмір жолы тақтайдай түзу емес, сан мыңдаған соқпақты жолы бар, оның барлығын өзің бағындырасың дегендей болды. Сол сәттен бастап, қиындықты өз күшіммен бағындыруға кірістім. Ақыры дегеніме жетіп, велосипедті де ырқыма көндірдім. Мектеп табалдырығын аттаған күнде де қатарымнан қалмадым. Маңдай терсіз ештеңенің оңайлықпен келмейтінін бұған дейін де көргенмін. Мектеп- ішілік қоғамдық жұмысқа  белсене араластым. Әсіресе, жаныма жағатыны спорттық ойын болды. Дене қозғалысы көп қимылдайтын спортты таңдауым да салауаттылыққа деген септігін тигізбей қоймады. Көппен бірге ала допты ермек еттім. Аулада доп қуып, кәдігі футболшы атана бастадым. Уақыт өте кәсіби шұғылдануға бел будым. Өкінішке қарай, ол ойым іске аспады. «Жетісу» футбол орталығына бардым. Жасөспірімдер арасындағы коман-          даның қатарында доп тебуді қаладым. Бірақ футбол мамандары оның реті келмейтінін жеткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдамаймыз деді. Осы менің жүрегіме қатты батты. Егер мен сау болғанда жасыл алаңда ойқастар едім. Әттең, бір кем дүние, іштей тындым. Уақыт өте  қайратыма қайта мініп, спорттың басқа түрімен шұғылдануды құп көрдім. Отыратын ойынды місе тұтпай, үстел теннисімен шұғылдануды әдетке айналдырдым. Алғашында қиындықтың болғаны рас. Артынша қарсыласымды қапы қалдырып, шебер ойыншылардың санатына іліктім. Мектеп қабырғасында жүріп, талай бәсекеде топ жардым. Осылайша білікті мамандардан жаттығу үйреніп, қай жерде теннис бар десе сол жерден табылатын болдым. Мектепті бітіріп, бүгінгі Талдықорған агро-техникалық колледжінің студенті атандым. Онда бухгалтерлік мамандық бойынша дәріс алдым. Студенттік шақта ересектер арасында топ жарып, қаланың чемпионы атандым. Бірде үстел теннисінің қасында тұрған бір жігіт ойынға шақырды. Сырттай бақылап жүргенге ұқсайды. Біраз жан алып, жан беріскеннен кейін таныстық. Ол Арнұр Әбішев деген теннистен жаттықтырушы екен. Осылайша ойламаған жерден білікті бапкердің қол астына өттім. Ол нағыз мүмкіндігі шектеулі жандарға теннис үйрететін жаттықтырушы. Сол кісінің арқасында облыс құрамасына өттім. Арнайы облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының мүшесі атанып, команда сапына ендім. Осы күннен бастап менің үлкен спорттағы өмірім басталды. 
Футболдан бетім қайтқанымен теннисте ақ желкенім көтерілді. Әуелде қала біріншілігінде топ жардым. Одан кейін облыстық чемпионаттардың барлығында қарсылас шақ келтірмедім. Осындай дарындылығымды байқаған Ерлан Бақтыбаев басқаратын спорт клубы республикалық жарыстарға қосты. Онда да тауым шағылмады. Қатысқан жарыстан жүлдесіз оралған күнім болған жоқ. Республикалық чемпионат пен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спартакиададан жиған алтын жүлдем он беске жетті. Бүгінде республикада маған қарсылас некен-саяқ. Әрине, барлығы осал деуге болмайды. Барлығы да мықты ойыншылар. Әйтсе де, Жетісу жерінің намысын құлатқан емеспін. Басты қарсыласым алматылық Азамат Оразбектің шеберлігін жоғары бағалаймын. Екі қолы жоқ болса да, өте сауатты әрі жылдам ойнайды. Нағыз қарсылас осы азамат. Республикадан кейін халықаралық бәсекеге де жолым түсті. Ең алғаш Белгиядан өткен додада қоржыным бос қайтты. Әрине, алғашқы шетелдік бәсекені бірінші көруім. Шеберлігім жетіспей қарсыласымнан ұтылып қалдым. Ол жақтың деңгейі бізден әлдеқайда жоғары екенін байқадым. Осы жеңілістен кейін өзімді қайрап, жаттығу уақытын ұлғайттым. Күніне 4-5 сағатқа дейін тер төгуді әдетке айналдырдым. Кейін Қытайда өткен дода- да едәуір жерге дейін жеттім. Өкінішке қарай, жүлделі орынға таласар уақытта сүрініп кеткенім жаныма батады. Осылайша маған халықаралық бәсекенің алтыны бұйырмай келеді. Мүмкін алдағы уақытта ол шыңды да бағындырамыз. 
Бұл Қанаттың үлкен азаматтық пен спорттық өмірінің жеңісі. Иә, бұл күнде мүмкіндігі шектеулі емес, аттай шауып жүрген адамның өмірге бейімделе алмай жатқанын көресің. Оған қарағанда Қанаттай қайсар жігіттің ісін ерлікке баласақ та болады. Төбе емес, тау асқан жігіттің тағы қандай ерлігі барын және арман-мақсатын білуге асықтық.
– Бірде 24-25 жасымда қатты сырқаттанып қалдым. Сол кезде орнымнан тұра алмай қалған кез де болды. Өмірмен қош айтысып, төсекке танылып қалам ба деген қорқыныш та жоқ емес. Сол сәтте ойыма түрлі ой келгенімен бойыма күш-қуат бітті. Өзіме сұрақ қойдым. Неге мен жатып қалуым керек? Бүгінге дейін қаншама қиындықты жеңдім, енді жемісін жеймін дегенде жатып қалғаным қай сасқаным? Бар күшімді жинап, орнымнан тұрдым, ауыруға болмайды, бір амалын табу керек. Осылай ауыр күйде жүріп спортқа қайта оралдым. Бар арманым – жаттығуға қайта кірісу. Осылайша жаттығу залына оралдым. Алғашында қиындық туғызғанымен толассыз қимылдың арқасында бойыма дендеп кіріп алған ауруды қуып шықтым. Міне, сол күннен бастап, кез келген сырқатқа бой алдырмауға тырысамын. Сауықтым, күш-қуатым бойымда. Енді жұмыс керек. Спортпен қатар еңбек етіп, табысты да табу өз қолымнан келетінін білемін.  Ақыры құрылыс саласына жұмысқа орналастым. Ауыр жұмыс болмаса да өзіндік қиындығы бар құрылысты керек-жарақпен жабдықтайтын маман болып шыға келдім. Таңның атысынан кештің батысына дейін құрылыс дүкендерін аралап, керекті материалдарды тасимын. Осының барлығын жаяу аралауға тура келді. Жаяу жүру маған кедергісін тигізбегенімен құрылыс саласы қиындатты. Әрине уақыт үнемдеу қиынға соқты. Осы сәтте көлік тізгіндеу басты мақсатым болды. Арнай көлік үйрену мектебіне оқуға жазылдым. Оны жақсыға тамамдағаныммен жүргізу куәлігін алар кезде кедергілер болды. Ол, әрине, дәрігерлік анықтама. Дәрігер менің екінші топтағы мүгедек екенімді көріп, арнайы анықтаманы беруден бас тартты. Әрине, дәрігерді кінәлаудан аулақпын. Жауапкершілік жоғары. Ақыры тәуекелге бел буып, дәрігердің көзін жеткізуге тырыстым. Алты ай жүргізушілік сабағынан өтіп болған соң анықтама беретін дәрігерді арнайы автомектептің оқу көлігіне отырғызып, қаланы аралаттым. Осыдан барып, рұқсат етілген анықтаманы берді. Менің ірі жеңістерімнің бірі осы болды. Қолыма куәлігімді алып келген маған әкем шынайы қуанды. Әкем көлік сатып алып берді. Міне, бүгінде әкем әперген көлікпен керекті жеріме зулап жүрмін. Одан кейін мамандығым бойынша «Ерлік» мүгедектер қоғамына бухгалтерлік жұмысқа орналастым. Бүгінде қызметтемін. Алға қойған мақсатымды өз кезегімен бағындырып келемін. Достарыммен де көп уақытты өткіземін. Қаладағы қоғамдық орындарда жиі болмасам да достарымның шаңырағында көп боламын. Достарымның барлығы үйлі-баранды. Үнемі маған үйлен деумен келеді. Ендігі басты арманым жар тауып, бала сүю. Әкем немересін қолынан жетектеп мектепке апарғанын қалаймын.

 

Түйін: Әңгімесіне қалжың араластырып, көңілді отырған Қанат сәл ғана күрсінді. Иә, бұл Қанаттың әлсіздігі емес. Ерік-жігері мол қайсар жігіттің басты мақсаты да осы шаңырақ көтеру. Барлық кедергіні бұзып-жарған Қанат жар таңдауда қателеспеуді ойлайды. Бұл шың оған бағынады, әлі-ақ хас сұлудың білегінен ұстап, әке арманын орындайтынына сенеміз.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ