ТАУДАН ҰШҚАН ТАСТҮЛЕК

Уақыты: 31.01.2018
Оқылды: 2752

     Тәуелсіздік тарихын қайта парақтағанда байрақты бәсекелерде топ жарған спорт саңлақтарының ерен еңбектеріне қаныға түсесіз. Олар сонау 90-шы жылдардағы өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қарамастан ел намысын ту етіп көтерді. Әлем төрінде абыройымызды асқақтатты. Міне, сондай жүйріктердің қатарында кикбоксингтен Еуразия және Азияның екі дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Елмұрат Қайыпжанов та бар. Спортшының жеткен жетістіктері, шыққан биігі жастар үшін қашанда үлгі мен өнеге. Бүгінгі таңда Елмұрат бапкерлікпен қатар, ауыл спортының гүлденуіне атсалысып жүрген айтулы азамат.

 

     Жуырда спортшы тағы бір игілікті шара ұйымдастырып, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленді. Шелек ауылында бокстан жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде Елмұрат Қайыпжановтың жүлдесі сарапқа салынды. Аталған жарысқа 19 командадан құралған 177 спортшы бақ сынасты. Мәдениет үйінде өткен бокс кешінде спортсүйер қауымның көп болғаны соншалық, ине шаншар орын болмады.
    Турнирдің ашылу салтанатына есімдері елге белгілі әлем чемпиондары арнайы келіп, әріптесінің игі ісіне ортақтасты. Жиналған көпшілік ең алдымен сахнадағы экранға назар аударды. Онда Елмұрат Қайыпжановтың спорттағы жұлдызды сәттері бейнеленген көріністер ешкімді де бейжай қалдырмады. Қайта спорттық шараның мазмұнын одан сайын байыта түсті.
     Бүркітшілер ауылы атанып кеткен Нұрада өсіп, ер жеткен Елмұрат бала кезінен спортты өзіне серік етті. Таулы өлкенің табиғатынан қуат алып, саф ауасымен кең тыныстап, өрден аққан бұлағынан қанып ішті. Аспанда қалықтаған ақиықтарға тамсана қарады. Осылайша туған жердің қасиетін бойына сіңірген дала перзенті спорттың шыңына жетуді армандады. Тынымсыз жаттығулар, төккен тер ақыры оны сол биікке алып шықты. Кикбоксингтен Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Еуропаның, Азияның екі дүркін чемпионы болып, әлем кубогына қол жеткізді.
     Ата-бабамыз өсиет еткен «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы Елмұрат Мұқашұлы қапысыз ұқты. Сондықтан шығар, Алматыда тұрып жатса да перзенттік парызын еш ұмытқан емес. Нұра ауылында Райымбек батыр атындағы бокс клубының ашылуына мұрындық болды. Көп ұзамай дәл осындай спорт мектебін Шелек ауылына да салып берді. Турнирдің ашылу рәсіміне келген қонақтар спортшының азаматтық қырларын кеңінен сөз етті.
     Еңбекшіқазақ ауданы мәслихатының хатшысы Бекет Ахметов Елмұраттың ерге тән намыстылығы мен қажыр-қайраты бабалар жолының заңды жалғасы екеніне тоқталды.
– Жаугершілік заманда атқа қонып, ел қорғаған Райымбек, Бөлек, Байсейіт, Сатай, Сөгеті сияқты батыр бабаларымыздың ерлігі – елге мұра. Сол аталарымызға тән ержүректілік, елжандылық қасиеттер Елмұраттың бойынан табылады. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы.
     Шелек өңірінде бокс мектебі бұрыннан қалыптасқан. Қуаныш Абдрахманов, Марат Аухадиев, Нұрахмет Рузиев, тағы басқа спорт саңлақтары талай шәкірттерді түлетті. Мен де бокстан спорт шеберімін. Елмұраттың ауылдағы алғашқы жаттығулары көз алдымызда өтті. Оның жанкешті еңбегі сол кезде-ақ үлкен биікке шығатынын аңғартатын. Бүгін міне, ол ел мақтанышына айналды, – дей келе Бекет Төлегенұлы аудан жұртшылығы атынан спортшының иығына шапан жапты.
    Еліміздегі кикбоксинг спортының негізін қалаған, республикалық «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының президенті, спортшының тәлімгері Сабыржан Махметов Елмұрат ұйымдастырған турнирді қолдап, демеушілік танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Республикалық бокстан Олимпиадаға даярлау орталығының директоры, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов:
– Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Аталған жарыс талай жеткіншектің үміт отын жағатынына сенімдімін. Мүмкін, бүгінгі турнирге қатысушы балғын спортшыларымыздың арасында болашақ чемпиондарымыз жүрген шығар. Лайым солай болсын! – деген тілегін жеткізді.
    Грек-Рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрбақыт Теңізбаев та ізгі лебізін білдіріп, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиевтің құттықтау хатын оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан елім дейтін ерлер көп болып, олардың өнегелі жолдарын ақын-жазушыларымыз рухты сөзге айналдырсын деп ағынан жарылды. Ал, ардагер-спортшылар Станислав Тынысбеков, Асан Тоққожаев және Мәлік Нәдірбековтер ақ батасын арнады. Игі шараға арнайы келген эстрада жұлдыздары Серікбол Сайлаубек, Естай Елекенов және ақын, әнші Жәкен Омаровтар әннен шашу шашты.
    Сонымен, төрт күнге созылған республикалық турнир өз мәресіне жетті. 30 келіден 70 келіге дейін салмақта қолғап түйістірген боксшылар рингте жасындай жарқылдады. Жарысқа тыңғылықты дайындалып келгендері олардың қимыл-қозғалысынан, жойқын соққыларынан анық аңғарылады. Командалық жарыстың нәтижесінде Шелек ауылының былғары қолғап шеберлері турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды Қызылордадан келген боксшылар иеленді. Ал үшінші орынды Есік қаласының командасы қанжығаларына байлады. Қапшағайлық Шамша Сұлтан турнирдің «Ең үздік боксшысы» атанса, қызылордалық Ерлан Тастанбеков пен шығысқазақстандық  Бауыржан Дінисламовтар «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы номинацияға  ие болды.
– Еліміздің әр аймағынан арнайы келіп, талантты шәкірттерін додаға қосқан бапкерлерге алғысым шексіз. Осындай жарыстар жастарды жігерлендіреді. Оларға даңғыл жол ашады деп ойлаймын. Аталған турнир сол мақсат-мұраттарға арналды, – дейді Елмұрат Қайыпжанов.

Болат МӘЖИТ.