Тұлпар сырын меңгерген

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 1861

Ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер аз емес. Әсіресе, ат спорты дегенде делебесін қоздырып, үйінде байыз тауып отыра алмайтындардың қатары көп.

Дүбірге қиқу қосып, шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктердің шабысына қызыға да, қызғана да қарап, құдды бір өзі шауып бара жатқандай күй кешеді. Әрине, жылқы текті қасиетті ұлттың ұрпағы емеспіз бе? Кіндігі кесіліп, аяғын тапыл басқаннан бастап, атқа отырғанша асығатын қазақ баласы қашаннан қылқұйрықты құрмет тұтқан. Атжалын тартып мінгеннен бастап, бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ тізе берсең жылқы үстінде жүріп, сейіл мен саятшылықты кәсіп қылған Ұлы Дала баласын бір сәтке де желмен жарысқан жануардан айырып алу мүмкін емес. Кіндігі жылқымен байланған біздер үшін ең қасиетті де, құрметті осы ат спорты болмақ. Мұны неге айтып отыр дерсіз. Ертеде ат додасы болған кезде, маңайында сыншы, ат бабын білетін атбегі, тағашы, тіпті құнан мен тайды, дөнен мен бестіні айырып, әр топқа қосатын арнайы мамандар болған. Бүгінгі күні қалай? Осы үрдіс қалып қалған жоқ па деген ой келеді. «Байтал шауып бәйге алмас», – деген жайына қалып, байталы да, басқасы да бас бәйгені алып жатқан алмағайып заманда сыншы мен ат мамандары жұмыс істеп жүр ме? Тайдың қатарына құнан шауып, құнанға дөнен шауып жүлдені қанжығасына байлаған кездер көп болды. Артынша дауға ұласып,  басында бірлікпен басталған тойдың берекесін қашырып жатады. Қазақта дау-дамайсыз той өткен бе? Бұған дейін де болған, қазір де бар. Қуанышымызға орай артынша тіл табысып, бір бітімге келіп жатады. Сол кезе, «ә, дұрыс  құнан емес тай екен» немесе «дөнен деп жатқандары бекер болды ә» деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз. 
Шындығында осыны айырып жатқан біреу бар ма? Кезіндегі аталардың жолын қуған ағалар қалды ма? Қазір ат ұстағанның құрығы кең, жай азамат емес. Пәленше мыңның сәйгүлігін әкеп тұрған ат иесіне қарсы сөз айтудың өзі қиын. Ол сенің білгірлігіңді көзіне де ілмей, айтқан ақылыңды құлағына аспасы анық. Осыдан кейін сөзіңді өткізіп көр. Қанша дәу болсаң да, қалтасы қалың «ағаның» құнанын тай демей көр. Осылайша буыны жаңа қатқан баланың арасынан соқталдай азаматтың оза шауып, көмбеге бірінші келгенін көресің. Жылқыда да дәл солай. Тұяғы жаңа қатқан тайдың ішінен сытылып алға шыққан тіс қаққан құнан болады. Міне, осылайша маңдайы жарқыраған тайға орын жоқ, басы салбыраған атбегі тұлпарын жетектеп үйіне қайтады. Осындай сәттер кездесіп қалып жатады. Әрине, оны да ретке келтіретін кез келіпті. Оны көзім көрді, ісіне разы болдым.
Бәйге болады дегенді естіп, атшабарға бардық. Әдетіміз бойынша тұлпарлардың жиылған тұсына келіп, ана жиреннің бабы келісіп тұр екен, мына торының сұлуын-ай, мен білсем ана ойнақшып тұрған торы келеді деп, өзімізше сәуегейлік танытып жүрміз. Адам баласына барлығы қызық емес пе? Бірінен-бірі өткен сұлу мүсін, адамның кеудесін қуанышқа толтырып, көзін қызықтырады. Осылай әр атты бір нұқып жүргенде бір азаматқа көзім түсті. Бұған дейін де бірнеше рет көрген болатынмын. Түрі таныс, есімін білмесем де, жылқы біткеннің қасына барып, аузын ашқылап жатады. Алғашында мән бермегенмін. Көп атбегінің бірі болар деп. Жоқ көрген сайын істейтіні бір іс. Жануардың тісін қарап жүреді. Өзі жалпақ денелі, қара торының өзі. Қалалық емес екені анадайдан белгілі. Күнге әдемі қақталған. Аттың сырын жақсы білетін адамның нақ өзі. Жылқының арасында өскені көрініп тұр. Қасында бірнеше азамат еріп жүр. Мінезі де шатақ па қалай? Ешкімге бой берер емес. Өз айтқанан жасатып, бірбеткейлік те көрсетіп қояды. Сырттай бақылап ұзақ тұрдым. Әйтеуір жарысқа шығатын отызға жуық тайды ары сапырып, бері сапырып он шақтысын бөлектеп тастады. 
 Алдында қалған жиырма тайды жарыс болатын жаққа қарай бастап, ал енді жолдарың болсын дегендей сыңай танытты. Бұл кім? Бөліп алған он шақты атты кері бұрып, құнанға қарай қосты. Ақыры бір орынға барып отырды. Неде болса бұл жігіт оңай адам емес. Жылқы малының жасын айыратын дәудің нақ өзі болар. Мен іздеген сауалдың жауабын осы кісі білер дегендей, қасына жайғастым. Өзі де әңгімешіл екен. Қасындағы жолдасына бірдеңені түсіндіріп бағуда. Еріксіз екі азаматтың әңгімесіне мен араластым. Алдымен ізеттік танытып, амандасып алдым. Тілші екенімді алға тартып, көкейде жүрген сауал бар еді, сол сұрақтарымды қойсам бола ма дегендей ыңғай таныттым. Бірден бетімді қайтармай «жақсы білгенімше жауап беріп көрейін», – деп сыпайы жауап қатты. Сонымен мені құмартқан жайт, бір топ жылқының аузын ашып, тісін түгендегеніңіздің сыры не деген сауалды төтесінен қойдым. Сол-ақ екен, ағамыз әңгіменің тиегін ағытты. 
– Мен жылқы малының жасын анықтадым. Қазір бірер минуттан кейін тай жарысы басталады. Сол дүбірге қосылатын тайды іріктеп бердім. Жігіттердің ұйымдастырып жатқан бәйгесі даусыз өтсін, таза әділімен бағалансын деген ниет. Тайдың арасына құнан қосылып кетпеуі үшін таза тайды іріктеп шықтым, – деді. Ал оны қалай анықтадыңыз деген сауалымды ары қарай жалғап әкетті. Тайды үш нәрседен анықтауға болады. Бірінші жал-құйрығынан. Енесінен туған құлын тай болғанша жал құйрығы бұйра болып тұрады. Бұйрасы толық кетпейді. Оны күзеуге болмайды. Одан кейін тұяғынан. Тайдың тұяғы құнанның тұяғындай үлкен болып өспейді. Егер бұнымен ат иесі келіспесе, тісін ашып көреміз. Онда тайдың тісінің іші қуыс болады. Алты айдан кейін шөп жеген тай тісін қайрап жібереді. Ол кезде оны тайға қосуға болмайды. Тайдан шығып кеткен уақыты. Ал құнан белгілі, табиғаттың заңдылығы бойынша төрт тісін ауыстырады. Яғни тістері түсіп, орына қайта тіс шығады.  Алдыңғы үстіңгі екі тісі түсіп, астыңғы тістері тұрса, құнан бәйгеге қосылу керек. Төрт тісі бірдей айырбасталған жылқы дөнен деп аталады, – деді. Мұндай құпиясы көп өнерді қайдан үйрендіңіз дегенімде: Қазақтың баласымыз, жастайымнан ат жүгірттім. Соның жемісі. Оның үстіне үлкен көнекөз қариялардың қасында көп жүрдім, ақыл-кеңесін тыңдадым, – деп сөзін түйіндеді.
Расында, Райымбек ауданы, Сарыбастау ауданының тұрғыны Ержан Молдахметовтің ісі көпке үлгі. Тау етегінде көзін ашқаннан жылқы малының үстінде жүрген азаматтың әділдігіне разы бол-   дық. Өз айтқанынан қайтпай, туралығын жеткізіп, доданың қызығына береке қосқан ағайынның арқасынан қағуға тұрарлық. Бұл да біздің ұмыт болып бара жатқан дәстүріміздің бірі. Әр істің тетігін білетін азаматтар ел ішінде аз емес. Тек соған құлақ түріп, ақылына құлақ ассақ болғаны. 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ