Денсаулық фестивалі

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1093

Талдықорғандағы ипподромда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, Талдықорған қаласы әкімДігі, “Нұр Отан” партиясы Алматы облыстық филиалы, “Жас Отан” жастар қанаты Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Денсаулық фестивалі» атты биатлон спортынан жарыс өтті.

Шараның басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын насихаттау турасында және Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсететін ұлттық құрамаға қолдау көрсету болып табылады.
Жарысқа қала мектептері мен колледждерінен іріктелген 100-ге жуық оқушы, студент қатысты. «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді жанына желеу еткен жампоздар аянып қалмады. Шаңғымен соңынан жан ілестірмейтін шеберлер мен нысананы көзге атқан мергендер қарасы жиналған көпшілікті бір дүр сілкіндіріп тастады. Әсіресе, №26 мектептен келген қаршадай ғана Нұржан Батырбай (8:54) қарым-қабілетімен жиналған жұртты аузына қаратып, таңдай қаққызды. Ол ұлдар арасындағы сында алдына тек алтыннан алқа таққан политехникалық колледждің білімгері Біржан Нұрқожановты (8:23) жіберіп, күміспен күптелді. Үшінші орын №11 мектептің оқушысы Нұрым Жақсыбековке (9:48) бұйырды. Ал қыздар арасындағы сайыста қарсылас шыдатпаған политехникалық колледждің білімгері Анастасия Зайцева (8:11) І орынды қанжығасына байлады. Жеңіске деген ынта-жігерін таныта білген талантты қызға көрермендердің де қошеметі қатты болды. Ұйымдастырушылар дәл осы қарындасымыздың келешекте Көк Туды желбіретеді деп көп үміт күтуде. Даңқ тұғырының ІІ сатысына №2 мектептің оқушысы Аяулым Сабетхан (16:33) көтерілсе, ІІІ орынды №11 мектептің оқушысы Дамира Талқанбаева еншіледі. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғандар жарыс соңында бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Темірлан АЙТБАЕВ,  
ЖМУ-дің 4-курс білімгері