Спортшыларға қолдау көрсетті

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1178

Мұқыры тауының бөктерінде Көксу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қысқы ойын түрлерінен спорттық шара өтті. Шара Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларымызды қолдауға арналды. 

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ұлан Әлдибекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жыл сайынғы дәстүрге айналған спорттық-сауықтыру шарасына белсене қатысып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген командаларға сәттілік тіледі. 
Таза ауада тыныстап, салауатты өмір салтын қалыптастыруды дәстүрге айналдырған жарыс қатысушылары спорттың 5 түрінен: шаңғы тебу, командалық шаңғы эстафетасы, бампербол, арқан тарту ойыны мен қардан қалашық жасаудан өз өнерлерін ортаға салды. Қалашық жасауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында айтылған “Ақылды қала” жобасына орай заманауи ғимарат, “100 нақты қадам”, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасының символына айналған қыран құстың бейнесі, Астана қаласының 20 жылдығы, сондай-ақ, ит, көлік, Көксу ауданының эмблемасы, Қазақстан картасы бейнелері әуесқой суретшілердің қиялына арқау болды. Мыңнан астам мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкіл қатысқан шарада таудан төмен қарай сырғанау да келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен, «Қысқы көпсайыс – 2018» спартакиадасы өз мәресіне жетіп, шаңғы тебуден ерлер арасында Мұсабек ауылдық округінен Дияс Қасен            І орын, орталық аурухана спортшысы Серікқали Айнабеков ІІ орын, білім бөлімінен Ақжол Жұман мен «Үміт» күндізгі болу орталығынан Руслан Беркінбаев ІІІ орындарға  ие болды. Әйелдер арасында аудандық білім бөлімі командасының спортшылары Әйгерім Оңғарова І орын, Қарақат Жеңісбек ІІ орын, Гүлзада Абдрахимова ІІІ орынды иеленді. Қардан қалашық салудан аудандық орталық аурухана І орын, «Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасы ІІ орын, «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы ІІІ орын алып үздік үштікті толықтырды. Арқан тартысудан білім бөлімінен құралған команда І орын, аудан әкімінің аппараты      ІІ орын, “Қазақтелеком” АО ІІІ орын алса, қар үстіндегі кіші футболдан аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінен құралған команда І орын, төтенше жағдайлар және ішкі істер бөлімінен құралған команда ІІ орын, аудан әкімінің аппараты ІІІ орынға ие болып, жеңіс туын желбіретті. Жарыста командалық есепте І орынға аудандық білім бөлімі,  ІІ орынға аудан әкімінің аппараты,  ІІІ орынға аудандық орталық аурухана ие болды.
 
Меруерт РАХМИШОВА
Көксу ауданы