Жетістігі көп Жетісу

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1216

Жер жаннаты Жетісуда күн санап спортқа бет бұрған өрендер саны артып келеді. Оған дәлел  ретінде қалалық №1 БЖСМ оқу орнын атап айтуға болады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балғындары облыс, республика, халықаралық турнирлерден жүлдемен оралып жүр.
Талдықорғанда тоғызқұмалақтан 9-11-сынып оқушылары арасында «Мектеп лигасы» атты жарыс өтті. Оған қала мектептерінен сайдың тасындай іріктелген таланттар қатысқан болатын. Қалалық №1 БЖСМ «Тоғызқұмалақ» бөлімшесінің оқушылары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ:
I орынды Адал Бағжан мен Тоғжан Ермұханбетова  иеленсе, II орынды  Дана Нухфуллақызы  місе тұтты.
III орын Фатима Сабетаева  мен Амина Ордабайдың  еншісінде Астана қаласында белбеу күресінен 2001-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасында ҚРЕСЖ  Р. Валиевтің жүлделеріне арналған Халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған  Саян Құрманғалиев 60 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені иемденді.  III орын Аружан Болатқа  (50 кг.) бұйырды.
Үштөбе қаласында өткен жарыста ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен қыздар өнер көрсетті. Аталмыш шара Қаратал ауданының БЖСМ біріншілігі болатын. Талдықорғанның намысын ту қылып ұстаған №1 БЖСМ оқушысы  Равиль Исаев 50 келіде  II орынды қанжығасына байлады. 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында облыс чемпионатында қос өреніміз  Николай Шабалдин 56 және Нұрым Беков 105 келіде II орын алды. 
Алматыда қол күрес спортынан ересектер арасында облыс біріншілігі өтті. Бұл сында 70 келіде  Евгения Телятникова мен 80 келіде Алина Шпилькина  I орынды иеленсе, 65 келіде II орынды  Әсел Шаманова жеңіп алды. Ал, ұлдар арасындағы бәсекеде 55 келі салмақта Олег Митрохин мен 70 келіде Қайрат Найзабеков I орынды қанжығасына байлады. II орынды Алмас Мұхаметқалиев (65 келі) пен Данил Чирков (85 келі) еншілеп кетті. III орын  Сәкен Орманқұлов (55келі), Дастан Кұлмағамбетов (75 келі), Никита Шотт (85 келі), Әлішер Сабитбек (100 келі), Әлібек Жанұзақовқа (65 келі)  бұйырды.
               

Т. АЙТБАЕВ,  
ЖМУ-дің 4-курс білімгері