"АЛТАЙҒА" ЖЕТЕ АЛМАЙМЫЗ

Уақыты: 24.02.2018
Оқылды: 1510

    Жеті күн Жетісу жерінде волейболдан қыздар арасында ел біріншілігінің төртінші тур ойындары өтті. 33 ойын жеңілмеген Шығыс Қазақстанның «Алтайы» жеңілді. Ал жалпы нәтиже бойынша екінші орын үшін «Жетісу» мен «Ертіс ҚазХром» арасындағы бәсекелестік шиеленісе түсті. 


    Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында болған волейболдан Қазақстанның 26-чемпионатының төртінші турдағы ойындарына облыс әкімі, Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Амандық Баталов қатысты. 
Басты сауал: «Жетісу» қалай ойнады? Орташа! Басты қарсыластары «Алтайдан» (1:3 – 21:25, 23:25, 25:21, 26:28) және «Ертіс ҚазХромнан» (2:3 – 25:19, 26:28, 13:25, 25:10, 8:15) жеңілді. Абырой болғанда төртінші турда қарсыластарын қоғадай жапырған («Алтайды» 3:2 26:24, 17:25, 25:21, 23:25, 15:13; «Ертіс Қазхромды» – 3:2- 25:22, 18:25, 25:19, 20:25, 15:13 жеңді) «Алматыны»  (3:1 – 25:20, 16:25, 25:23, 25:18) ұтты. Көңілге медеу болған ойын да осы. Жалпы жеті ойын өткізген «Жетісу» екі ойында жеңіліп, қалған кездесулерде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Үш ойында команда капитаны Людмила Малофеева, текелілік Катерина Татко, Екатерина Жданова және Даниэла Никич әр кездесудің үздіктері болды.  
    Осы тұрғыда тағы бір сауалдың басы қылтияды. Ол «Ертіс ҚазХромның» жағдайы. «Қуанышты» 3:0 есебімен жеңіп тұрып, автоматты түрде жеңіліс жазылды. Себеп: шарт бойынша команда да үш легионер, ал алаңда бір мезетте соның екеуі ғана ойнай алады. Аталған кездесуде «Ертіс ҚазХром» сапында ресейліктер Наталья Фролова, Анастасия Азанова және украиналық Наталья Жданкина ойнады. Бұл бапкер Светлана Котованың жіберген үлкен қателігі. Техникалық жеңіліс, «Жетісудың» жалпы есепте қуып жетіп, ұпай теңестіруіне жағдай жасады.
    Төртінші турдың тағы бір айтулы оқиғасы – «Қарағанды» қыздарының алғашқы ұпайына қол жеткізуі. Жалпы Талдықорғанға ұпайсыз келіп, ұпаймен қайтатын клуб десе де болады. Былтыр да осыған ұқсас жағдай орын алған. 2017 жылы ақпанда волейболдан қыздар арасында ел чемпионатының бесінші туры өтті. Сонда жалпы ұпайы нөлмен келген «Қарағанды» ойыншылары (23 ойын жеңіс жоқ) «Астанадан» 2:3 есебімен жеңіліп, алғашқы бір ұпайларын алған. Биыл да нөлмен келіп (26 ойын жеңіс жоқ) «Қуанышты» (Солтүстік Қазақстан) 3:1 (16:25, 27:25, 25:22, 25:14) нәтижесімен жеңіп, алғашқы ұпайларын алды. 
    Төртінші турдан кейін жалпы турнирлік кесте былай түзілді: «Алтай» - 78 ұпай, «Жетісу» мен «Ертіс ҚазХром» - 62, «Алматы» -50, «Астана» -36, «Қуаныш» - 23, «Алтай-2» - 22 және «Қарағанды» 3 ұпай. 
    «Жетісу» сапында төртінші турдың үздік ойыншысы болып байланыстырушы Наталья Акилова танылды.  Келесі, яғни шешуші бесінші тур Павлодардағы «Баянтау» спорт кешенінде наурыздың 18-25 күндері аралығында болады.

Серік ҚАНТАЙ.