ПОЛИЦЕЙЛЕР ДОП ТЕПТІ

Уақыты: 24.02.2018
Оқылды: 1252

    Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бірінші полиция батальоны қызметкері, инспектор Кенжехан Жақасовтың зейнеткерлікке шығуына орай шағын футболдан турнир өтті.


    Жарысқа өңіріміздің әр ауданынан сайдың тасындай іріктеліп келген командалар қатысты. Шағын футболды жетік меңгерген майталмандардың додасы тартысқа толы болды. Екі топқа бөлінген командалардың ойыны олимпиадалық жүйе бойынша өрбіді. Яғни, жеңілген команда жарыс жолынан шығып отырды. 
    Аяқдопшылар алғашқы кездесуден-ақ ойынға ерекше дайындықпен келгендігін көрсетті. Олар бірде шабуылдағы қарқынын үдетіп, толассыз соққылар жұмсауға көшсе, енді бірде қарымта шабуылдарға ойысты. Ұйымдастырылған техникалық шеберлікке толы жүйелі шабуылдар кәсіби футболдан кем түспеді.   Тартысты өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. 
    Жарыс қорытындысы бойынша барлық сында да жүйелі ойын өрнегін көрсеткен Текелі қалалық 2-полиция батальонының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынды өңіріміздің 
    1-взвод жеке құрам командасы иеленсе, үздік үштіктің қатарынан қаламыздағы 3-взвод жеке құрамдағы командасы көрінді.

Айдар ҚАЛИЕВ.