Ат спорты маусымы ашылды

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1776

Әз Наурызды әр ел әртүрлі тойлайды. Соның ішінде біздің елде де мерекені өткізудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Өңірімізде өтіп жатқан ұлттық ойындар соның дәлелі. Соған сай қала маңындағы ипподромда Ұлыстың ұлы күні мерекесіне арналған ұлттық ат спортынан жарыстар өтті. Мұнда негізінен қыз қуу, теңге алу және көкпаршылар бәсекесі көпшілік назарына ұсынылды.

Облысымызда ұлттық ат спорты маусымының ашылу салтанаты дәл осы Наурыз мейрамының қарсаңында өтеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын шара биыл да жалғасын тапты. Қалалық атшабарда құрыш білекті, тақымы мықты жігіттер сынға түсті. Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласының құрама командалары өз арасындағы үздіктерін анықтады.
Бұл күні теңге ілу сайысы да өтті. Жігіттердің шымырлығы мен ептілігі сыналған додадан соң қыз қуу ұйымдастырылды. Көпшіліктің аса үлкен қызығушылық танытқаны да осы ойын болды. Оған қатысқандардың қатарында Әйкерім Дүйсенәлиқызы да бар.
– Менің ұлттық ойынымыз – қыз қуумен айналысқаныма көп болды. Кішкентай кезімнен атқа мінгенді қатты ұнатамын. Шыны керек, жүйрікке мінуді ешкім де үйреткен жоқ. Жаныма жақын болған соң қыз қуу, теңге алу ойындарына дәстүрлі түрде әрқашан келіп тұрамын. Менің туған анам 6 жасында екі атқа қатар мініп, елді таңғалдырған, бәсекелерде талай жанды шаң қаптырған. Енді мен де анама ұқсап, топтан озсам деген ниеттемін, – деді ол.
Ұлттық ат спортының маусымашарында төл өнеріміздің нағыз жанкүйерлері қатысушыларды демеп, додаға түскендерге қиқулап қолдау көрсетіп отырды.
Жарыс соңында қыз қууда жеңіске жеткен, ең көп салым салып, теңге ілген спортшылар марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Қабыл ИСА