Серпін берді

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 1026

Талдықорғанда облыстық білім басқармасының «Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы» оқушылар арасында облыстық «Спорт фест Қазақстан» спартакиадасын өткізді. Жарысқа 600-ге жуық спортшы қатысты.

Спартакиада баскетбол, волейбол, шағын футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, пневматикалық мылтық ату сынды спорт түрлері бойынша өрбіді. Сайысқа әр ауданнан жиналған оқушылар тыңғылықты дайындықпен келіп, ойынның көркін қыздырды. Бірі – әуе добы мен баскетболдан ептілігін көрсетсе, екіншісі – шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, тапқырлығымен танылды. Енді бірі – мергендігімен көзге түсті. 
Алдымен волейбол және баскетболшылар командасы бақ сынасты. Бұл сында  бас жүлдені талдықорғандық команда жеңіп алды. Екінші орынды Ескелді ауданының оқушылары еншілесе, Сарқан ауданы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Футзалдан 1-орынды талдықорғандық «Жетісу» командасы иеленді. 2-орын Талдықорғанның «Болашақ» командасына бұйырды. Ал Еңбекшіқазақ ауданының командасы тұғырдың үшінші сатысына жайғасты. Пневматикалық мылтық ату сынында Панфилов ауданы жеңістің желкенін көтерді. Кербұлақ ауданының оқушылары 2-орынды иемденді. Еңбекшіқазақ ауданының балалары үздік үштікті түйіндеді. Тоғызқұмалақтан бас жүлде Кербұлақ ауданының оқушысы Бауыржан Қадырхановқа бұйырды. Талдықорғандық Адал Бағжан 2-орынды жеңіп алды. 3-орын текелілік Жансерік Есерханға бұйырды. Шахматтан 1-орынды Үштөбе қаласының оқушысы Аида Жанатбек, 2-орынды Қаратал ауданынан Камила Маликпаева, 3-орынды қарасайлық Жансая Шакуали жеңіп алды.

А. НАЗАРҰЛЫ