Орманшы һәм спортшы

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 1154

Ел ішіне сапарға шыққанда жан жадыратар жақсы дүниелерді іздей жүресің. Сарыжаз ауылындағы шаңғышылардың жұмысымен танысу барысында шаңғы теуіп қасымызға келген Жанболат Сұлтанғазиевтай азаматты бірден таныдық. Ауданда өтетін шаңғышылар жарысында ересектердің алдын бермейтін оны бұрыннан білеміз. Ескерте кететін жайт, біз барғанда таулы өлкеде әлі қар жатты.

– Қыстай менің тірлігім осы. Күніне 30 шақырым жерге барып қайтамын. Онсыз өзімді жайсыз сезінгендей болып тұрам. Бұл шаңғы менің 30 жылғы серігім ғой, – дейді жымиып.
Рас, аппақ қарда шаңғы тепкенге жетер не бар?! Көңіліңді де өсіріп, қиялыңды да шарықтатып әкетер дүние. Жанболат Сұлтанғазиев Нарынқол орман шаруашылығы мекемесінің Текес орманшылығындағы орман шебері. Өз жұмысын жақсы біледі. Қақпақ ауылдық округіне қарасты Шұбарталдай керемет жайлауды бақылауына алып отырады. Жаз маусымындағы әр күні сол өңірде өтеді. Орман шебері болып еңбек етіп келе жатқанына биыл 30 жыл болады.
– Көктем шыққаннан кейін-ақ шаруамыз көбейіп кетеді. Балғын шырша көшеттерімен орман қорын молайтамыз. Өзімізге тиесілі өңірді қорғаймыз. Жаздайғы қорегім – қымыз, – дейді ол. Неше түрлі емдік қасиеті бар қымыздың да орны бөлек. Ең бастысы, Жанболат қысы-жазы атқа мініп жүреді. Ер- тұрманы жарасқан аты әрдайым жараулы тұрады. Ат – жігіттің серігі. Қыр қазағын жүйрік атсыз көзге елестету қиын. Ал, таулы өлкенің тамаша табиғатын атпен аралау – деннің саулығы, жанның рахаты.
Біз сөз етіп отырған Жанболат шаңғыдан облыстың 5 дүркін чемпионы. Ересектер арасында ауданның алдыңғы орнын ешқашан берген емес. Күн сайын жаттығудың  үстінде. Биыл 52 жасқа келетін ол орда бұзар отыздағы қалпында. Бұл жігерлі, қажырлы, қайратты әрі әрдайым сергек күйіндегі Жанболатқа  бала кезінен айналысатын спортының берген жемісі. Спортшы азамат кез келген уақытта, қай жерде болмасын турникке 25 рет тартыла алады. Бұл да ертеңгісін жүгіріп, тынбай жаттығумен айналысатын азаматтың қол жеткізген жетістігі. 
Жанболат Сарыжаз ауылында тұратын өнегелі спортшылар отбасының арқа сүйері. Зайыбы Бағила Тұмабаева да ертеңгісін жаттығу жасайды. Жүгіргенді жақсы көреді. Шаңғы да тебеді. Ол Сарыжаз орта мектебінің технология пәнінен дәріс беретін үлгілі ұстаздардың бірі. Шәкірттеріне отыз жылдан бері сабақ беріп келеді. Жанболат пен Бағиланың отбасында дүниеге келген 3 қыз, 1 ұл да бала кездерінен спортпен айналысып ержетті. Абайдай ұлы, Айжандай қызы спорт академиясын қызыл дипломмен бітірген. Бәрекелді! Айжан гимназияда шәкірттерін спортқа баулып жүр.
Ауылдағы ер-азаматтарымыздың бәрі Жанболаттай болса, шіркін, дедік іштей. Спорт деген бір сиқыр. Спорт деген жастық. Спорт деген мықты денсаулық қой. Мәртебең биік болсын, Жанболат!

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы