Бақытты бапкер

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 2329

Спорт – әлем төрінде абыройымызды асқақтататын сиқырлы өнер. Осы өнердің арқасында байрақты бәсекелерде Көк туымыз желбірейді. Ұлт намысын қорғаған білекті спортшылардың жеңісі – білікті бапкерлердің ерен еңбегі. Жастардың томағасын сыпырып, дүбірлі додаларға дайындайтын білікті бапкерлердің бірі – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Бақыт Қоқысбеков.

Бақыт Жақетұлы 1955 жылы 5 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келді. 1973 жылы Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, А. Иманов атындағы орта мектепті тамамдайды. Сол жылы Шымкент қаласында Кеңес әскерінің қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. 1981 жылы Кербұлақ аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінің жаттықтырушысы қызметіне орналасады. Осы жылдан бастап ағамыз облыстағы спорттың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғап, ат үстінде аламанға түскен, белдескеннің белін майыстырған кешегі батыр бабаларымыз сынды намысты спортшылар дайындауда аянбай тер төкті. Қайтсем де ауыл спортын дамытам деп қызмет етті. Бұл арманы орындалды да. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сиқырлы өнерде балалардың тәрбиесіне барын салып, оның ішінде күрес өнерінің әліппесін жаттатып, бозкілемге баулыған білікті бапкер талай шәкірттің шамшырағын жағып, самбо күресінің кіл мықты саңлақтарын дайындады. 
Иә, ерен еңбек пен төгілген тердің арқасында ағамыз бірнеше марапатқа ие болды. Атап айтсақ, Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақ жастар істері, дене тәрбиесі және спорт жөніндегі мемлекеттік комитетінің грамотасымен, республикалық дене тәрбиесі және спорт басқармасының дипломымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды.  
Білікті бапкер 1996 жылы БЖСМ-нің жабылуына байланысты Т. Құлбеков атындағы орта мектепке самбо күресінің жаттықтырушысы болып орналасады. Қатал тәртіп пен күнделікті жаттығудың арқасында бұл мектептен де бозкілемде талайдың шаңын қаққан, атағы әйгілі самбошылар шығады. Бұл бірінші кезекте бапкердің еңбегі. Шәкірттерінің мықты болып шығуы үшін күш-жігерін сарқып, бозкілем төрінде әр әдіс-тәсілін жіті қадағалайтын жанның еңбегі мемлекет тарапынан да ескеріліп отырды. Самбоның қыр-сырын жетік меңгерген жанға Самбо федерациясы Халықаралық дәрежедегі төреші атағын табыстайды. Сондай-ақ, ҚР Білім министрінің және Талдықорған облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Балаларды Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарындай ел намысын абыроймен қорғап, батыр бабаларымыздай күш атасы атануды, ауыл спортын дамытуды армандаған Бақыт Жақетұлы 1999 жылы Ж. Жапаров атындағы орта мектепте, 2000 жылы Райымбек атындағы орта мектепте, 2001 жылы  №49 орта мектебінде самбо күресінің үйірме жетекшісі болады. Қазақтың қара домалақ балаларына қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың бірінші кезекте тұруы керектігін үйретеді. 2006 жылдан бастап «Кербұлақ ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болып сайланады. 
Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті. Ол кісіден түлеп ұшқан шәкірттер, республикалық, облыстық бәсекеде орын алып, көбісі халықаралық дәрежеге дейін көтерілді. Жастайынан бәсекеде ысылған балуандары талантымен көзге түсіп, үлкен додаларда атой салып жүр. Атап айтсақ, Жұмажан Нұрбеков самбо күресінен  КСРО-ның спорт шебері, Қазақ ССР-ның жастар арасындағы біріншіліктің жеңімпазы. Сонымен қатар, Берік Жетпісбаев жастар арасында Әлем чемпионы, ерлер арасында Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының жастар арасында үш дүркін чемпионы, жастар арасында Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Мейіржан Қашағанов, Серіков Айдар, Түменбаев Қуатбек, Шәріпбекова Айгерім, Мұрат Үсенбеков, Мәлік Ерназаров, Ермек Досалбаев сынды ҚР спорт шеберлерін баптаған. Бүгінде байрақты бәсекелерде атой салып жүрген Тимур Айтбаев, Ақтөре Қызайбай, Саят Қызайбек және самбо күресінен әйелдер арасында бірнеше рет Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионатының бес дүркін жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ділдәш Құрышбаева сынды шәкірттері өсіп келеді. 1981 жылдан бастап ағамыз самбо, дзюдо күресінен бір КСРО-ның спорт шеберін, он төрт ҚР спорт шеберін және екі ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындаған. Бүгінде ағамыз Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек даңқы» құрмет белгісінің иегері. 
Ағамыздың шәкірттері бүгінде биік белестерді бағындырып жүр. Иә, «Таласқа түссе жан мен Ту, жан емес маған керегі, Көк тудың желбірегені», – деп елі үшін жанын беретін спортшылар Кербұлақ ауданында жетерлік. Осындай бапкерлеріміз барда аймағымызда спортшылардың қатары көбейіп,  еліміздің  байрағы көкте желбірейтініне сенімдіміз. Қазір қазақтың қара домалақ балалары мен қаракөз қыздары күреске көптеп келуде. Бұл – тәлімгер маман, білікті бапкер ағамыздың еңбегінің арқасы. 
Осындай аудан, облыс, республикамыздың өркендеуіне өзінің жылдар бойы жинаған тәжірибесімен қомақты үлес қосып, елімізді күллі әлемге таныту үшін тынымсыз еңбек етіп, өз ғұмырын спорт саласына арнаған білікті бапкерімізді туған күнімен «Кербұлақ ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кәсіподақ ұйымының атынан шын жүректен құттықтаймыз. Отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілейміз.  

Әуелхан АРТЫҚОВ,
Кербұлақ ауданының БЖСМ КММ
 кәсіподақ комитетінің төрағасы