ЖАС ЧЕМПИОН

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 1015

Атырауда 2004–2006 жылдары туған жасөспірімдер арасында таэквондодан Қазақстан чемпионаты өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 469 бала қатысты. Дүбірлі додада ел чемпионы атанған ерен ұлдың бірі – Бексұлтан Мұсахан. 

Таэквондо жекпе-жек өнерін қазақ жеріне алғаш алып келіп, жастарды баулыған батыр Мұстафа Өзтүрік еді. Бұл Қазақстан тәуелсіздікке енді қол жеткізген жылдар болатын. 1992 жылдың өзінде-ақ Мұстафаның алғашқы шәкірттері Түркия жеріндегі дүбірлі жарыста топ жарды. 1993 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясына (WTA) мүше болып қабылданды. Содан бері қазақ таэквондошылары біраз табысқа жетті. Бұл спорт түріне жастар мен жасөспірімдердің қызығушылығы арта түсті. Аудандық, облыстық жарыстар жиі ұйымдастырыла бастады. Атырауда өткен жасөспірімдер арасындағы додада топ жарған 49 келі салмақ дәрежесіндегі Бексұлтан Мұсахан спортқа әу бастан-ақ ерекше қызығушылық танытқан бала болатын. Бексұлтан Мұсахан – таэквондо спортын жанына серік еткен жас ұлан. Алдағы уақытта ел намысын ересектер арасында да қорғайтын, жекпе-жек өнеріне айрықша ынтызар жасөспірім. Спортқа деген қызығушылығы басылмай, осы еңбекқорлығынан танбаса, дарынды баланың көп ұзамай сайыпқыран саңлақтардың қатарына қосылуға мүмкіндігі зор. Оның болашағынан мол үміт күтеміз. 

Сәкен Сыбанбай, 
Мылтықбай Ерімбетов
 Жамбыл ауданы