ОҚУШЫЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 10.06.2018
Оқылды: 1135

   Талдықорғанда «Мектеп лигасы» бағдарламасы аясында өткен футболдан қалалық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

 

   Талдықорған қалалық спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткен Чемпионатқа жалпы 96 команда, 1400-ден астам оқушы қатысты. Ойындар 3-4, 5-6, 7-8 және 9-11 сыныптар арасында өтті. Мұндағы мақсат – жастар арасында спортты насихаттай отырып, балалар футболын дамыту. Марапаттау рәсіміне Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, каратэден әлем және Азия чемпионы Мерей Сүйінов, «Жетісу» футбол клубының спорт шолушысы Геннадий Мищенко және Талдықорған футбол федерациясының вице-президенті Александр Никулин қатысты.
   Салтанатты шарада сөз алған Марлен Қапашұлы оқушыларды жеңісімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, білімгерлерге үнемі салауатты өмір салтын бекем ұстанып жүрудің артықшылықтарын айтып берді. Артынша, 2017-2018 оқу жылында болған чемпионатта топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер Талдықорған қаласы әкімінің дипломы, кубок, медальдарымен марапатталды. Одан бөлек мектеп оқушыларына тегін доп таратылды.
   Жарыс қорытындысына тоқталар болсақ, 3-4-сыныптар арасында өткен сайыста 1-орын №15 орта мектепке  бұйырса, №16 мектеп 2-орынды жеңіп алды. Үздік үштікті №19 мектептің оқушылары еншіледі. Ал, 5-6 -сынып оқушылары арасындағы бас жүлде №12 мектепке бұйырды. 2-орын №14 мектептің қанжығасында кетсе, №5 мектептің білімгерлері үшінші тұғырдан көрінді. 7-8- сынып оқушылары арасындағы бәсекеде №9 мектептің мерейі үстем болды. Ал, №8 орта мектептің оқушылары күмістен алқа тақса, №12 мектеп үшінші орынды қанағат тұтты. 9-11-сыныптар арасында 1-орынды №12 мектеп алды.    2-орын №10 мектепке бұйырса, №15 орта мектептің футболшылары үшінші орыннан көрінді.

Данияр САҒЫНДЫҚ