Гена мен Сауль жұдырықтасады

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 981

Сауль Альварестің промоутері (49-1-2, 34 КО) Оскар Де Ла Хойя Геннадий Головкинмен (38-0-1, 34 КО) екінші кездесудің болмайтынын жария еткен болатын. Алайда ол артынан жекпе-жектің өтетіні туралы айтты, – деп жазады «Sports.kz» және «БАҚ.кз» сайттары.

Головкин кірістерді 42,5% / 57,5% ұстанымы бойынша, бөлуге келісті деуге болады. Яғни бұл жерде пайданы Канело көбірек көреді немесе олар кірісті басқаша бөлісудің жолын тапты. «Мен біздің жекпе-жегіміздің қыркүйектің 15-інде өтетінін сіздерге қуана-қуана хабарлаймын! «Канело»-GGG II», – деп жазды Де Ла Хойя твиттерге. Кездесу әдеттегісінше сол Лас-Вегастағы T-Mobile Arenaда өтетін болуы керек. Өйткені Альварестің командасының жақында ғана осы аренаны жалдағандығы белгілі болды. Головкин  – «Канело» кездесуі 2017 жылдың 16 қыркүйегінде өткен болатын. Жекпе-жек теңдей аяқталды, алайда ол көп дау тудырды. Бокс әлемінің көптеген өкілдерінің пікірінше, төрешілер қазақстандық боксшының жетістігін дұрыс бағаламады.

Головкин қанша пайда көреді

GGG мен «Канело» командаларының келіссөздері ресми мәлімдеме жасауға жарты сағат қалғанда өтті. Мексикалық боксшының промоутері Оскар Де Ла Хойя ESPN-ге берген сұхбатында «Екінші жекпе-жек болмайды, бұл 100%» деп мәлімдегеннен 5 минут өткен соң екі тарап тағы да талқылау жасады.

Альварестің промоутерлері Головкиннің өкілдеріне табысты мексикалықтың пайдасына 57,5 және 42,5 деп бөлу туралы, бұлай болмаса келіссөзден бас тартып, реванштан бас тарту соңғы ұсынысын қойған болатын. Ал қазақстандық боксшы 45 процент үлеске ие болуды қалаған еді.
The Ring-тің мәліметінше, Головкин алдағы жекпе-жекте 40 млн. доллардан көп пайда табуы мүмкін. Ал Альварестің табысы әлі нақтыланбады.
Forbes-те бар деректерде Головкин бірінші жекпе-жегінде 24 миллион доллар, ал Альварес 42 миллион доллар тапқанын және көп ақша төленетін әлемдік спортшылар рейтингісінде мексикалықтың 15-орынға, ал қазақстандықтың 72-орынға тұрақтағаны көрсетілген. Бұл жекпе-жектегі табыс 70-те 30 «Канелоның» пайдасына шешілді.