Дәстүрлі сайыс басталды

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1050

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті, облыс әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет органдарының жиырма жылдығын мерекелеу аясында мемлекеттік қызметшілерінің дәстүрлі спартакиадасы жалауын желбіретті. 

Аталған жарысқа құқық қорғау органдарының командасын қоса алғанда 29 команда қатысты. Додаға түскен мемлекеттік қызметкерлер екі күн бойы спорттың жеті түрінен сынға түсті.
Жастар сарайының алдында сап түзеген мемлекеттік қызметкерлердің жарысын тамашалауға жанкүйерлер көп жиналды. Спортты серік етіп, саламатты өмір салтын ұстанған мемлекеттік қызметкерлер дәстүрлі сайысқа белсене атсалысып, қуанышпен қарсы алды. Жыл сайын бас қосатын мерекелік шараның негізгі мақсаты – салауаттылық пен әріптестік байланыс екені сырт қарағаннан-ақ байқалып тұр. Бір-бірімен қауышып, қауқылдасқан мемлекеттік қызметкерлер жарысты асыға күткенге ұқсайды. Сонымен бәсекенің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз сөйлеп, спартакиаданың түңдігін түрді. Спартакиаданың басы мемлекеттік қызмет органдарының жиырма жылдығына арнайы ұйымдастырылған велошерумен басталды. Велосипед мінген қыз-жігіттер белгіленген маршрутты айналып өтіп, жүлдеге қол жеткізіп жатты. Ал екі күн бойы дүбірге бөлеген бәсекеде мемлекеттік қызметкерлер арасында бірінші орынды Алматы облысы әкімдігі командасы жеңіп алса, екінші орын Көксу ауданының командасына тиді. Қола тұғырдан Талдықорған қаласының командасы қол бұлғады.
Құқық қорғау органдары арасында ІІД-нің командасы жеңіске жетті. ІІ орынға Ұлттық қауіпсіздік комитеті көтерілсе, ІІІ орынға ТЖД командасы табан тіреді.
Жүлделі орын алған командалар диплом, медальдармен марапатталды.

Әмір САНА