Басты назарда

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1229

Талдықорғандағы Салтанат сарайында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен «Бокс федерациясы» қоғамдық бірлестігінің  жиналысы өтті. Шараға өңіріміздегі аудан, қалалардан бокс жаттықтырушылары келді.

Жиын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиевтің алғы сөзімен ашылды. 
– Алматы қаласында «Бокс федерациясының» облыстағы президентін сайлау бойынша кезектен тыс жиналыс өтті. Шарада республикалық бокс федерациясының бас хатшысы Арсен Төлеуовтің келісімімен облыстық бокс федерациясының президенті болып өңір әкімінің орынбасары Жақсылық Омар тағайындалды. Жақсылық Мұқашұлын осы жауапты лауазыммен құттықтаймын, – дей келе облыстағы бокс спортының жеткен жетістігін кеңінен тарқатты.
Бүгінгі таңда бокс спортын дамыту бойынша облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бекзат өнердің жандануына былтыр 113 млн. 104 мың теңге, биылғы жарты жылдықта 49 млн. 272 мың теңге қаржы бөлінді. Облыстың 2 спортшысы Гузаль Садыкова мен Әнел Құдайберген жүйелі түрде облыс әкімінің степендиясын алуда. Облыс бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде, олимпиадалық резервтер дайындау орталығында, жоғары спорт шеберлігі мектебінде және облыстық спортта, дарынды балаларға арналған мектеп интернатында 21 бокс бөлімшесі жұмыс істейді. Биыл бокстан 4 спорт шебері, 40 спорт шеберлігіне үміткерлер, 22 бірінші разрядтағы спортшы дайындалды.
Жиын барысында бокстан аға жаттықтырушы Мұрат Сихымбай былғары қолғап шеберлерінің жеткен жетістіктерін баяндады. 
 – Атқарылып жатқан жұмыс жаман емес. Атап айтсақ, былтыр Шымкент қаласында ел біріншілігі өтті. 4 спортшы ұлттық құрама сапына, екі боксшымыз «Астана арланс» командасының сапына кірді. Алдағы мақсатымыз Павлодар қаласында өтетін жарыста топ жару, – деді.
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары, бокс федерациясының президенті Жақсылық Мұқашұлы: «Біздің бүгінгі басқосудағы басты мақсатымыз облыстағы бокстың жай-жапсарын айтып, кеткен қателіктерімізді талқылап, күрделі мәселелерді шешу. Бірақ сіздер бүгінгі отырысқа дайындықсыз келгенсіздер. Екі миллионнан астам тұрғыны бар облысымыздағы бокстың жағдайын тек кімнің қандай орын алғанымен ғана шектедіңіздер. Мен сіздердің орындарыңызда болсам, үздік спортшылармен таныстырып, бокс үйірмелерінде қандай шаралар атқарылып жатқандығын, алдағы жоспарлар мен кеткен кемшіліктерді, облыстың боксын дамытуға керек идеяларды слайдпен фото, видео материалдар арқылы дайындап келер едім. Келесі мәселе – бокстың облыстағы деңгейі. Бізде сан бар, өкінішке қарай, сапа болмай тұр. Неге біздің облыстан ұлттық құрама сапында 1 нөмірмен бокстасатын спортшы жоқ? Азия ойындарында біздің спортшылар жоқ. Облыста 14 пен 29 жастағы әйелдер саны 580 мың болғанымен неге Қазақстан, Азия чемпионы жоқ?» – деп бекзат өнердің бүгінгі хал-ахуалы мен кемшілігін ащы сынға алып өтті. 
Жиын соңында Жақсылық Мұқашұлы облыстағы жаттықтырушыларға боксты дамытуға жұмыла жұмыс істеу керектігін айтып, бірқатар тапсырма берді.

Айдар ҚАЛИЕВ