Батырға құрмет

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 1115
Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында «Гір спортының батыры» атағының иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Гиннестің рекордын екі мәрте жаңартқан Әмірбай Рысқұловты еске алуға арналған гір спортынан облыстық ашық чемпионат өтті. Сайысқа әр облыстан сайдың тасындай іріктеліп келген  алпыстан астам спортшы қатысты. Шара облыстық болғанымен ашық турнирге Шығыс Қазақстан облысының да құрыш білек жігіттері қатысқанын айта кеткен жөн. Яғни, бұл алдағы уақытта республикалық деңгейге көтеруге болатындай.
«Таласқа түссе жан мен Ту, жан емес маған керегі, Көк тудың желбірегені», – деп   қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосып, әлем көгінде Көк байрағымызды желбіреткен  ағамыздың өмірі көпке үлгі.
Шараның шымылдығы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиевтің алғысөзімен ашылды. 
– Әлемге әйгілі, халқымыздың мақтанышы, талайды мойындатқан Әмірбай атамызға бүгін еске алу турнирін өткізіп отырмыз. Ағамыз гір та- сын 750 рет көтеріп, Ресейдің рекордтар кітабына енген. Елбасы Жолдауында халыққа салауатты өмір салтын насихаттау мәселесіне ерекше назар аударады. Бүгінгі турнир соның жалғасы деп білеміз. Күш атасын танымас. Болашақта дәстүрге айналған турнир жоғары дәрежедегі спорт шеберлерін дайындауға үлкен септігін тигізеді, – деді.
Келесі сөз кезегін Әмірбай ағамыздың шәкірті Жұмахман Қызбаев алып: «Әмірбай ата барлығы 85 алтын, 37 күміс, 12 қола және РФ-ның «Қанатты арыстан» орденін, гір спортында ерекше жеткен жетістігі үшін Қазақстанда бірінші болып «Алтын гір» жүлдесінің иегері атанды. Дүбірлі додаларда ел абыройын асқақтатқан батыр атамыз елінің жүрегінде мәңгі сақталмақ», – дей келе тебірене естеліктер айтып, атамызға тартқан спортшылар көбейе берсін деп тілек білдірді.
Осыдан кейін спортшылар дүбірлі доданы бастап кетті. Додаға түскен азаматтар намысқа тырысып, бар өнерін ортаға салды. Гір тасын асықша иіріп, жарыс көркін қыздырды. Бірінен соң бірі гір тасын жұлқа көтерген спортшылар жұртшылықты тәнті етті. Осылайша өнерін паш еткен қазақтың қайсар жігіттері барын салды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Қаратал ауданынан келген команда жеңіп алды. Күміс жүлде Өскеменнен келген командаға бұйырды. Өңіріміздің командасы қола жүлдегер атанды. Жиын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлық пен Мақтау қағаздары табысталды.
 
Айдар НАЗАРҰЛЫ