Әлемге әйгілі Әмірбай

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 1554
Жер жаннаты Жетісу  тұмса табиғаты,  жеті өзенімен қатар талантты ұл-қыздарымен де аты шыққан аймақ.  Солардың бірі – ардагер спортшы, гір тасын көтеруден еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Гиннестің рекордтар кітабына енген  Әмірбай Рысқұлов.

 

Әмірбай  Рысқұлов 1937 жылы маусымның 10-жұлдызында Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан жетімдіктің тауқыметін көріп, өзінің қабілет-қарымымен өзгелерден дараланады. Мектепті тамамдаған соң 1961 жылы әскери борышын өтеуге аттанды. Оқуын аяқтап келген соң Алматы қаласындағы дене шынықтыру және спорт  институтына оқуға түседі. Студент кезінде самбо және еркін күрестен спорт шебері атанады.  Гимнастика және суға жүзу спортымен де айналысқанын  білеміз. Институттың жаттықтыру залында зілтемірді асықша үйіріп,  жаттығып жүрген жас қазақ балуанын спорт шебері Степан Ульянов сыртынан бақылап, спорттың осы түрімен түбегейлі айналысуға үгіттейді. Ол кезде зілтемір спортымен шұғылданатын  қазақ жігіттері некен-саяқ. Әмірбай  қара күштің арқасында айналасы бір жарым жылдың ішінде ауыр атлетикадан спорт шебері атағын қорғап шығады.
Еңбек жолын Ж. Егінбаев атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімділігінен  бастап, сол салада 1991 жылға дейін қызмет атқарады.  Бапкер балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет ете жүріп,  біраз шәкіртті ауыр атлетикадан спорт шеберлігіне  кандидаттыққа жеткізеді. Педагогика саласына сіңірген еңбегі үшін мұғалімдерге берілетін  ең жоғары сыйлық Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды.  Жігері мен табандылығының  арқасында көпшілік арасында  «Әлемге әйгілі Әмірбай» атанды.
Қостанай қаласында 2007 жылы ардагерлер арасында өткен спартакиадада Әмірбай ерекше көзге түседі. Сол кездегі  Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының президенті Владимир Дрекслер 2008 жылы Әмірбай спортшыға Еуропа және Әлем чемпионатына  шақырту қағазын береді.  Архангельск қаласында гір көтеруден өткен  жарысқа  17 мемлекеттен  350-ден астам  спортшы қатысады.   Жарысқа гір спортының халықаралық конфедерациясының еңбек сіңірген спорт шебері, Ресейдің 10 дүркін, Еуропаның 11 дүркін чемпионы, дүниежүзінің ең биік  жанартауларында 10 мәрте дүниежүзілік рекорд жасаған  А. Ежов мырзаның өзі басшылық жасайды. Жарыстың алғашқы күні Ресейдің 10 дүркін, Әлемнің және Еуропаның 4 дүркін чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері  Анатолий Качанмен сайысқа түскен атамыз  I орынды жеңіп алды. Бұдан кейін Қазақстан және Еуропа командаларының құрамында  өнер көрсетіп, мық шегедей мықтылығын дәлелдейді. Турнирде серпе көтеруді 111-ге жеткізіп, алтын медаль иеленіп, «Ең үздік ардагер спортшы» атанды. Сол жылдары Ресейдің «Хрустальді тәжіне» ие болды. Осы жылдар аралығында Ресей Федерациясының Рыбинск, Ярославль, Киров, Луховицк, Архангельск, Украинаның Керчь, Венгрияның Шиофок қалаларында өткен әртүрлі дәрежедегі турнирлер мен ашық біріншіліктерге қатысып, барлығы 85 алтын, 37 күміс, 12 қола медальді иеленді. М. Ломоносов,    Г. Кашеев, В.  Бабушкин атындағы жүлделер, Ресейдің «Қанатты арыстан» ордені, гір спорты бойынша жеткен жетістігі үшін  Қазақстанда  бірінші болып «Алтын гір» иегері атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қанжығалады. Ал 2013 жылы Архангельск қаласында өткен Еуропа және Әлем чемпионатында 300 спортшының арасында гір тасын 30 минутта 750 рет көтеріп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Әмірбай ақсақал толағай табыстары мен жеткен жетістіктері үшін Көксу ауданы және  Алматы облысының «Құрметті азаматы» атақтарын иеленді. Беларуссияның Витебск қаласында гір тасын көтеруден әлемдік  триатлон Олимпиадасында  өз рекордын жаңғыртып, екінші рет Гиннестер кітабына еңді. Сол жолы бірінші орын алған 77 жастағы қария қуаныштан  жүрегі жарылып кетеді. Бірақ, ол ерлігі қазақстанға  баға жетпс атақ-абырой әкелген еді.  Биік белестерді бағындырып жүрген асқар таудай  спортшы ағамыз қайтыс болғаннан кейін  гір спорты шеберлерінің Халықаралық конфедерациясының батыры атағы беріледі. Сондай-ақ,  Әмірбай Сламжанұлына арналған «Алтын жұлдыз» ордені туыстарына табыс етіледі. Өмірі баршаға өнеге, үлгі болған ардагер спортшымыздың жарқын бейнесі Жетісу елінің жүрегінде ұзақ  сақталады. Шәкірттері бапкерлеріне арнап турнир өткізуде. 

Бақыт Шеңгелбаев, 
Көксу ауданының  Құрметті азаматы