ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНЫ

Уақыты: 29.07.2018
Оқылды: 1730

   Ауған соғысының қаһарманы, қазақтың «Қара майоры» атанған Борис Керімбаевтың жүлдесі үшін «ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» атты республикалық турнир өтті. Сайыста әскер жасына дейінгі балалар әскери қоян-қолтық ұрыс бойынша өнер көрсетті. Салтанатты шараны Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты ұйымдастырды.

 

    Турнирдің ашылу салтанатына Борис Төкенұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Кеңес Одағының Батыры Николай Кремениш, Қазақстан Республикасы және облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағалары қатысты. Аталған шара өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отансүйгіштікке баулуға, әскери қызметтің имиджін көтеруге және әскери спортты дәріптеуге негізделген. Сайыс барысында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл: «Ауған соғысының ардагерлері жергілікті әскери мекемелердің қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық турнир өткізіп келеміз. Бұған дейін де Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Әлия Молдағұлова, Николай Кремениш атында турнирлер ұйымдастырғанбыз. Батыр бабаларымыздың өмірлік ізбасарларын дайындау, аға буын мен кейінгі толқын тәжірибе бөлісу, патриоттыққа тәрбиелеп, достық, туыстық, бірлік пен татулыққа шақыру. Әскери қоян-қолтық ұрысын негізге ала отырып, болашақ қайсар, жігерлі Отан қорғаушы жауынгерлер дайындау – осындай шаралардың көздейтін басты мақсаты», – деді. 
   Сондай-ақ, «Сағадат батыр» клубының спортшысы, беделді жарыстарда талайды тізе бүктіріп жүрген қазақтың қайсар қызы, биыл сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған Жібек Құлымбетованы Борис Төкенұлы мен Бақытбек Смағұлов Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісімен марапаттап, ақ баталарын берді.


ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Іле ауданы