ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖАРАДЫ

Уақыты: 29.07.2018
Оқылды: 1611

   Текелі қаласында маутинбайктен Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты өтті. Үш күнге созылған жарыста республика чемпионы атану үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген  кілең  мықты спортшылар  бәсекеге түсті. 

 

   Бірінші кезеңде велошабандоздар ерлер арасындағы кросс-кантри элиминатор түрі бойынша  мықтыларды анықтау үшін таласқа түсті. Бұл жолы алматылық Шәкір Әділов алдында жан салмаса, павлодарлық тәжірибелі спортшы Кирилл Казанцев сөре сызығын екінші болып қиды. Үшінші нәтиже көрсеткен тағы бір алматылық Темірлан Мұхамедиянов қола жүлдеге қол созды. Біздің облыстың өкілі Мадияр Мәліков төртінші орынға табан тіреді. Жарыстың осы түрі бойынша жасөспірімдер арасындағы сында жерлесіміз Евгений Федоров қола жүлдені қоржынға салды. Ал чемпиондық атақты астаналық Болат Ниязов жеңіп алды. Күміс жүлде Солтүстік Қазақстан облысының велошабандозы Никита Кабачекке бұйырды.
   Кросс-кантри Олимпик түрі бойынша тайталас тағы да Казанцев пен Әділовтың арасында өрбіді. Тек соңғы метрлерде ғана павлодарлық жігіт жеңісті жұлып әкетті. Ал Шәкір екінші орынмен қанағаттанды. Үшінші орынға Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір өкілі Александр Семенов көтерілді. Жерлесіміз Нұршат Сұлтан алғашқы алтылыққа ілінді. Жасөспірімдер арасында Астана қаласының велошабандозы Болат Ниязов екінші алтын медаліне қол жеткізді. Сүйсінерлігі сол, жерлесіміз Денис Сергиенко екінші нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Ал Никита Кабачек (СҚО) бұл жолы қола жүлдемен қанағаттанды. Бір айта кетерлігі,  Алматы облысының тағы үш спортшысы алғашқы ондықтан орын алды.
   Әйелдер арасында кросс-кантри Олимпик түрінен алматылық Екатерина Степанованың айдарынан жел есті. Қызылордалық қыз Жанұя Сейітова жарыс жолын екінші нәтижемен аяқтады. Үшінші орынды Солтүстік  Қазақстан облысының өкілі Алина Сарқұлова иемденді.
   Біріншіліктің осы түрі бойынша жасөспірім қыздар арасындағы сында жетісулық арулардың басымдылығы айқын байқалды. Бұған алғашқы төрт орынға  біздің облыс өкілдерінің жайғасқаны жарқын дәлел болса керек. Атап айтқанда, текелілік Татьяна Богданова алтыннан алқа тағынса, оның командалас құрбылары талғарлықтар Светлана Пащенко күміс, Анжелла Соловьева қола жүлдегер атанды.  Наталья Харламова төртінші орынға табан тіреді. 
  Осылайша Жетісу жерінде өткен ел біріншілігінде жерлестеріміз намысты қолдан бермей, жақсы жетістіктерімен жұртшылықты қуантты.


Шора БАТЫРБАЕВ
Текелі қаласы