АЛТЫН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1598

    Өскеменде Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметовты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Бильярдтың «Алтай пирамидасы» түрінен ардагерлер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған дүбірлі додада өңіріміздің намысын қорғаған жетісулық команда абыройымызды асқақтатып, алтыннан алқа тақты. 

 

   Еске алу турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейдің Омск қаласынан жалпы 12 команда құрамында 84 ардагер бильярдшы келді. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай 50-ден 63 жасқа дейін және 63-тен жоғары болып екі топқа бөлінді. Әуелі 63 жасқа дейінгі тастаяқ ойынының шеберлері айқасты. 
   Алғашқы айналымнан-ақ тартысты басталған бәсекеде ақсақалдар тастаяқ ойынының хас шебері екендігін көрсетіп, тәжірибелері молдығын  дәлелдеді. Командалық және жекелей сында сайысқа түскен ардагерлер шарды бильярд торына шебердің шеге қаққанындай ғып тоғытып жатты. Бұл ардагерлердің тастаяқ спортының қыр-сырын меңгергендігінің белгісі. 
Жарыс қорытындысы бойынша 50-63 жас аралығындағы ойыншылардан құрылған «Жетісу» командасы бас бәйгені иеленсе, Шымкенттен келген «17 регион» командасы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ал «Астана»  құрамасы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жекелей сында талдықорғандық Талғат Мизамбеков 1-орын алса, Марат Қарбаев екінші жүлдені еншіледі, шымкенттік Ұлықбек Пайзахметовке үшінші орын бұйырды. 
   Турнир соңында облыстық бильярд спорты федерациясының директоры Тоқтар Есімов «Алтай пирамидасы» бірінші халықаралық турниріне оң баға беріп, сайыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді. Алғыс ретінде «Жетісу» командасы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Рысбек Қасеновты құрметтеп, иығына шапан жапты. Халықаралық жарыстың төрешісі Жүректес Лейменовқа да дәл осындай марапат танытты.

Айдар ҚАЛИЕВ.