Спортшылар ардақталды

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1513

Салтанат сарайында Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай салтанатты жиын өтті. Спортшылардың кәсіби мерекесіне ардагер спортшылар, әлем, Олимпиада жүлдегерлері мен талантты жас спортшыларымыз және облыс, аудандардан спорт саласының мамандары қатысты. Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров келіп, спортшыларды мерекесімен құттықтады.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев жиынның маңызына тоқтала келіп сөз кезегін Серікжан Ісләмұлына берді. Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров өңірде спорт саласы бойынша істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде спорт саласына 8 млрд. теңге қаражат бөлініп, Талғар, Қарасай, Кеген аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері облыста 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 57 спорт шебері, 468 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Бүгінгі күнге дейін облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 1002 медаль жеңіп алды. Оның 350-і алтын, 307-і күміс, 345-і қола медаль. Сонымен қатар Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан Азиа ойындарында өңірдің 69 спортшысы ел намысын қорғауда. Осы жерде қуанышпен айта  кететін жаңалық – грек-рим күресінен 130 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрмахан Тыналиев күміс медальға қол жеткізді. Осындай жетістіктерді саралап өткен Серікжан Ісләмұлы спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, облыс әкімі Амандық Баталовтың лебізін жеткізді.
Мұнан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Майгүл Ибраева, еркін күрестен жаттықтырушы Мырзаш Машаев, Сарқан ауданы, Ущинский атындағы орта мектептің мұғалімі Мұрат Садыбаев марапатталды. Одан кейін министрліктің «Дене шынықтыру және спортқа қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен спорт ардагері Болат Ахметов, Ақсу ауданындағы спорт мектебінің еркін күрестен аға жаттықтырушысы Алтай Ғалымжанов, қысқы спорт түрлері спорт мектебінің директоры Қайрат Нұрбаев, №1 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры Мұрат Телібаев марапатталды.  «Нұр Отан» партиясы мен облыс әкімінің Алғыс хаты, Спорт министрлігінің Құрмет грамоталарымен де марапатталғандардың қатары көп. Еңбегі еленген спорт саласының мамандарына марапатты Серікжан Бескемпіров табыстады. 
Салтанатты шараның соңында спорт саласының ардагері Август Петрович, Азия және Еуропа кубогының чемпионы Дамир Болатбеков сөз сөйлеп, облыс басшылығы мен спорт басқармасына алғысын жеткізіп, әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Жиынға келгендер естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ