МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1133

Текелідегі Ческасай шатқалында спорттық туризм бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық сайыс өтті. Оған 10 команда қатысып, 100-ге жуық спортшы бағын сынады. 

Шараның мақсаты – қатысушыларға өңіріміздің көрікті жерлерін таныстыру және экстремалды туризмге баулу. Шараның ашылу салтанаты облыс әкімдігі аппарат басшысының орынбасары Маржан Мұратқызының, облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаеваның алғысөзімен бастау алды. Олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. 
Екі күнге созылған сайыс тартысты өтті. Тау шыңына шығып, түрлі өткелдерден өткен қызметкерлер алғашқы күннен-ақ додаға сақадай-сай екендігін көрсетті. Аталмыш жарыс «байламдар», «Командалық марафон», «Командалық қашықтықты бағындыру», «Алғашқы медициналық көмек көрсету» бойынша бағаланды. Үнемі кеңседе отыратын қызметкерлер таудың биіктігіне, оған шығудың қиындығына қарамай алға ұмтылып, жартастың шыңын бағындыруға тырысып жатты. Әр топ жеңістің желкенін көтеру үшін жанталасып, асқар таудан аққан бұлақтай ағылып отырды. 
Екі күн бойы тайталасқан туристік көпсайыстың нәтижесі бойынша  командалық есепте 1-орынды экономика басқармасы иеленсе, 2-орын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің командасына бұйырды. Ал, үздік үштікті облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының командасы қорытындылады.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды. 
 
А. НАЗАРҰЛЫ