Балуандарды қарсы алды

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1367

Индонезияда өтіп жатқан XVIII жазғы Азия ойындарының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Байрақты бәсекеге 440 спортшымыз ел намысын қорғауға аттанған болатын. Бүгінгі таңда қоржынымызға 5 алтын, 8 күміс және 28 қола медаль түсіп үлгерді. Әрине, бұл көрсеткіштер одан ары да толыға түседі деген үміттеміз.

Өткен жұма күні бозкілемде өнер көрсеткен балуандар елге оралды. Солардың ішінде ел мақтанышы, жетісулық балуан Нұрмахан Тыналиев те бар. Ол осыған дейінгі Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанған. Бұл жолы да ел-жұрты Нұрмаханнан алтын күткені жасырын емес еді. Ақтық сында жерлесіміз өзбекстандық балуанға есе жіберіп екінші орынды қанағат тұтты. Бірақ, күміске қол жеткізу де үлкен күш.
Жетісу жұртшылығының өкілдері чемпионды қарсы алу үшін Алматы әуежайы алдына жиналды. Олардың ішінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының өкілдері, елімізге әйгілі чемпиондар, спортшының туған-тусқандары мен дос-жарандары болды.
– Дүбірлі додаға қатысқан балуандарымыздың өнерін басынан аяғына дейін тамашаладық. Біздің облыстан әйелдер арасындағы еркін күрестен екі қызымыз – Қасымова Аяулым және Бақбергенова Жамиля қатысты. Екеуінен де мол үміт күткен едік. Өкінішке қарай, ол үмітіміз ақталмады. Ерлер арасындағы еркін күрестен Жандос Исмайлов ел намысын қорғады. Ол да сүрініп кетті. Ал грек-рим күресінен екі тәжірибелі балуандар қатысты. Олар – Нұрмахан Тыналиев пен Асхат Ділмұхамедов. Әрине, бұл екі жігіттен біз алтын күткен едік. Өйткені олар әлемге әйгілі спортшылар. 
Мен Нұрмаханға ирандық балуанмен күресте қиын болатын шығар деп ойлаған едім. Өйткені ол өзбек жігітімен бұдан бұрын бозкілемде талай белдесіп ұтып жүрген. Бірақ, жарыстың аты – жарыс. Десек те Нұрмаханның жеңіс тұғырынан көрінуі біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері,  облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрбақыт Теңізбаев.
Спортшылар мінген ұшақ та әуежайға келіп қонды. Оларды жанкүйерлер құшақ-құшақ гүлдермен қарсы алды. Нұрмаханның бет-жүзінен қатты шаршағаны көрініп-ақ тұр. Бір аяғын сылтып басып әрең жүріп келе жатқанын айқын аңғарасыз.
– Жарысқа дейінгі дайындық жоғары деңгейде өтті. Бапкерлеріме ризамын. Бір әттеген-айы, Азия ойындарына бір жарым ай қалғанда қатты жарақат алып қалған едім. Ақтық сында сол жарақат кедергі жасады. Әрине, спортта ондай жағдайлар болып тұрады. Алда әлем чемпионаты келе жатыр. Жақсылап ем-дом алғаннан кейін жаттығуды қайта бастаймын, – дейді күміс жүлдегер атанған балуанымыз Нұрмахан Тыналиев. Спортшының сөзін бапкері ары қарай жалғастырды.
– Мұндай ауыр жарақатпен финалға шығу оңай емес. Нұрмахан намысқа тырысып, ерлік көрсетті. Бұл – үлкен абырой. Оған ешқандай сын таға алмаймыз. Алдағы жарыстарда жігіттеріміз жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміттеміз.  – дейді облыстың аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Азамат Көкебаев.
Сан түрлі салтанаттарға куә болған халықаралық әуежай бүгінде жеңімпаз ұлдарына мейірленіп қарап тұрғандай. Әуежайдың құтты босағасынан сыртқа шыққан көпшілік чемпиондарды ортаға алып қалаға қарай беттеді.

Болат МӘЖИТ
Алматы