ЖЕҢІМПАЗДАР ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Уақыты: 04.09.2018
Оқылды: 1147

   «Спорт – бейбітшілік елшісі!» деген қағида өзінің маңыздылығын жоғалтпай отырған бүгінгі заманда тәуелсіз еліміздің ұландары байрақты бәсекелерде биіктерден көрініп келеді. Десе де, Азия ойындарында үнемі алдыңғы бестіктен көрініп келе жатқан еліміздің спортшылары Индонезияда өткен Азиада ойындарында 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медальді иеленіп, бұл жолы тоғызыншы орынды місе тұтты.

 

   Жексенбі күні алқалаған жұртшылық Джакартадан ұшып келген жерлестерін қарсы алған. Олардың қатарында секіруден ең жоғарғы санатты жүлдені жеңіп алған Ольга Рыпакова, күміс медаль  иегерлері, жеңіл атлеттер Виктория Зябкина, Ольга Софронова, Надежда Дубовицкая және ядро лақтырудан қола медальді қоржынға салған жерлесіміз Иван Иванов елге оралды.
Ашхабатта өткен Азия ойындарында алтынды алқалаған Иван  Индонезияда қытайлық спортшыдан аз ғана кем түсіп, қола медальді иеленгені белгілі.
– Мен бұл жарыста өзімнің барлық мүмкіндігімді пайдаландым деп есептеймін, – дейді ол журналистерге берген сұхбатында. – Жаттығу кезінде жеткен жетістіктерімнің деңгейінде өнер көрсете алдым.  Әрине, бұл менің ең жоғары мүмкіндігім емес. Алдағы жарыстарда алтынды олжалау ойымда бар. Сол үшін Токиода өтетін Олимпиадаға дайындыққа қазірден бастап кіріспекпін. Осынау аз ғана жеңісімді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан облыс басшыларына, спорттағы аға әріптестеріме айтар алғысым шексіз!
   Қолдарына еліміздің Көк байрағын, «Жас Отанның» туын, жеңімпаздардың суреттерін желбірете көтерген жастар спортшыларға  гүл шоқтарын ұсынып, қуана құттықтады. Жерлестерінің шаттықа толы қарсы алуларынан кейін олар болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге күш салады деп сенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.