"АЛТЫН ҚЫЗДЫ" ҚАРСЫ АЛДЫ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1571

    Индонезияның Жакарта мен Палембанг қалаларында өткен жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медальға қол жеткізген Қазақстан құрамасы командалық есепте 9-орынға табан тіреді.

 

   Байрақты бәсекеде, әсіресе, самбо күресінен сынға түскен балуандарымыз ел мерейін үстем етті. Бұл спорт түрі биыл тұңғыш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Соған қарамастан қазақстандық балуандар екі алтын, үш күмісті қанжығаларына байлады. Әйелдер арасында 42 келіде сынға түскен балуан қызымыз Ділдаш Құрышбаева мен ерлер арасында өткен бәсекеде 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бағлан Ибрагим чемпион атанды. Сөйтіп, Азиада төрінде самбошыларымыз екі мәрте Көк байрағымызды желбіретіп, Гимнімізді асқақтатты.
Дүйсенбі күні алтыннан алқа таққан чемпион қызын қарсы алу үшін жетісулық арнайы делегация өкілдері Алматы әуежайы алдына жиналды.
– Бүгін біз үшін мерейлі күн. Жазғы Азия ойындарына облыстан 69 спортшы қатысқан еді. Алтынмен оралған Ділдаш қызымызға дән ризамыз. Ол бүкіл Жетісу жұртшылығының мерейін үстем етті, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев.
Азиада ойындары Ділдаштың алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін де талай биіктерден көрінген. 2012 жылы Қазақстан чемпионы атанған балуан қыздың ары қарай жеңісті жолдары басталды. Азия ойындарының, әлем чемпионатының жеңімпазы болды. 24 жастағы чемпионның әлі де бағындырар белестері алда екені рас.
Көп кешікпей балуандар мінген ұшақ та келіп қонды. Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момбаев бастаған, аудан өнерпаздары қостаған жанкүйерлер Ділдаш Құрышбаеваны құшақ-құшақ гүлмен, әсем әнмен қарсы алды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Ділдаштың анасы да осында жүр.
– Қызымның ел абыройын асқақтатып жатқанына өте қуаныштымын. Ділдаштың ең алғаш күреске қатысамын дегенін естігенде қарсы болғаным рас. Өйткені, күрес қыз балаға қолайлы емес деп ойладым. Бірақ, әкесі оның таудай талабына қарсы болмады. Спорт оның бағын ашты. Ол қазір тек біздің қызымыз емес, еліміздің мақтанышына айналды,  –  дейді чемпионның анасы Бағила Илиясқызы.
Ділдаш жетінші сыныптан бастап самбомен айналысыпты. Ең алғаш рет спорттың есігін аттағаны бапкерінің әлі есінде. 
– Өте нәзік қыз болатын. Келе-келе шынықты, ширықты. Ділдаш еңбекқор спортшы. Айтқаныңды екі етпей, берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды, – дейді жеке бапкері Бақыт Қоқысбаев.
Чемпионды ортаға алған журналистер қауымы оған сұрақтарды жаудырып жатыр. Ол қазақ қызына тән сабырлы жүзімен, жарасымды күлкісімен жарыстан алған әсерін ортаға салды.
– Біз Азиадаға жарты жыл дайындалдық. Төгілген тер текке кеткен жоқ. Оның нәтижесіне өздеріңіз куә болып отырсыздар. Екі айдан кейін Румынияда әлем чемпионаты жалауын желбіретеді. Біраз күннен кейін сол дүбірлі додаға дайындық басталады. Ел намысын қорғауға әрқашан дайынбыз, – дейді Ділдаш Құрышбаева.
Сонымен қатар, байрақты бәсекеде үшінші орын алған Регби командасын да қошеметпен қарсы алды. Ұлттық құраманың сапында жетісулық Ева Беккер, Карина Проскурина, Олеся Теряева, Влад Одналеток бар.
Иә, жиырмадан енді асқан балуан қарындасымыздың жеңісті күндері алда. Лайым, солай болсын!

Болат МӘЖИТ.