ЖАҒАЖАЙ ВОЛЕЙБОЛЫ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1331

   Қасиетті жұма күні Алматы қаласының орталығында тұңғыш жағажай волейболы орталығы ашылды. Осы айтулы оқиғаға арналған салтанатты шараға  облыс әкімі Амандық Баталов және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, жиналған жұртшылықты жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

 

   Тұсаукесер рәсімінде алғашқы болып сөз алған Бауыржан Қыдырғалиұлы алматылықтар мен қала қонақтарын, жағажай волейболы бойынша ерлер мен әйелдер  арасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының ХХІІ чемпионатына қатысушы спортшыларды құттықтады. 
– Бүгін шын мәнінде тарихи күн, – деді ол сөзін сабақтап. – Себебі, Алматы қаласында жағажай волейболы спортынан тұңғыш ел чемпионаты жаңадан салынған жағажай волейболы орталығында өткізіліп отыр.  Осы мүмкіндікті пайдалана отырып мен республика волейбол федерациясының вице-президенті, тамаша спортшы  Амандық Баталовқа алғысымды жеткізгім келеді. Осыдан екі жыл бұрын Амандық Ғаббасұлы волейбол орталығын салу жөнінде ұсынысын айтқан кезде бірден қолдау білдірген болатынмын. Халықаралық талаптарға сай жоғары деңгейде салынған бұл кешеннің жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтергенін айта кету керек. Спортшылар мен қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін жағажай волейболы орталығында ойын алаңдарымен қатар спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелері, демалыс аймағы, дәмханалар орналасқан. Ғимарат та көркемдігімен көз тартады. 
   Алматы қаласының  ежелден волейбол спортының орталығы саналып келгенін жақсы білесіздер. Мұнда халықаралық дәрежедегі түрлі жарыстар өткізіліп келеді. Біз «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында бұқаралық спортты одан әрі де  қолдай береміз. Осы орталықтың ашылуы қаламыздағы бұқаралық спорттың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенемін. Сонымен бірге бүгін осы жерде өтіп жатқан ел чемпионатына қатысушы спортшыларға  табыс тілеймін.
Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы облысы мен Алматы қаласы волейбол федерациясының президенті, облыс әкімі Амандық Баталов алдымен волейбол орталығын ашсам деген біраз жылдан бергі арманының орындалуына атсалысқан қала әкімі Бауыржан Байбекке  алғысын жеткізді. 
– Әлі есімде, мен бұл алаңды өткен ғасырдың соңында, атап айтқанда 1994 жылы алған едім, – деді ол. –  Сол кезден бастап волейбол орталығын ашуды мақсат еттім. Қала әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы мен оның командасы менің бұл бастамама үлкен қолдау көрсетті. Спортқа қамқорлық көрсеткен меценаттарға, кешенді салуға қатысқан құрылысшыларға ерекше алғыс айтқым келеді. Соның нәтижесінде Алматының төрінде осындай тамаша спорт кешені халықтың игілігіне беріліп отыр.  Мұнда бүгін республика чемпионаты өткізіліп жатса, болашақта әлемдік жарыстар ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Бұл орталық кәсіпқой спортшылармен қатар жасөспірімдерге,  осы спортқа қызығушылық танытқан жеткіншектерге қызмет жасайтын болады. Болашақта осы орталықтың негізінде волейбол мектебін ашу жоспарда бар. 
   Бұл орталықта еліміздің даңқын асқақтататын спортшылар, дені сау, рухы биік ұрпақ жаттығып жатса арманымыздың орындалғаны сол емес пе?! Алматы болашақта көне дәстүрді жалғастырып, еліміздің волейбол спортының ұстаханасына айналуы керек. Ендеше баршаларыңызды осынау тамаша қуаныштарыңызбен құттықтаймын.
   Келесі болып сөз алған еліміздің Еңбек сіңірген спорт шебері, Кеңестер Одағының чемпионы, Еуропа кубогы чемпионатының екі мәрте жеңімпазы, волейболдан Ұлттық әйелдер құрамасының  бас жаттықтырушысы Вячеслав Шапран бұл күнді алматылықтар үшін ғана емес, жалпы ел  спортшылары үшін есте қалатын тамаша күн деп атап өтті.  Жұртшылыққа осындай қуаныш сыйлаған Алматы облысының әкімі Амандық  Баталов  пен қала әкімі Бауыржан Байбекке, орталықты салуға қаржылай демеушілік жасаған қалталы азаматтарға спорт ардагерлерінің алғысын жеткізген Вячеслав Николаевич бұл орталықта  шұғылданған жас спортшылардың  аға буын өкілдері салып кеткен жақсы дәстүрді жалғастыратынына сенім білдірді. 
Елімізде классикалық волейболмен қатар жағажай волейболы да өркен жаюда. Түрлі әлемдік жарыстарда елімізге жүлде салып жүрген спортшыларымыз да аз емес. Ендеше жаңа орталықтың ашылуы волейбол спортының дамуына жол ашатыны анық.
Жағажай волейболы орталығының ашылу салтанатынан кейін республикалық чемпионатқа қатысушылар жарыс көрігін қыздыра түскен. Мұнда Алматы қаласынан,  Алматы, Маңғыстау, Қостанай облыстары мен Астанадан келген 27 команда жағажай волейболынан өз өнерлерін ортаға салып, күш сынасты. 

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.