Жолдастық кездесу

Уақыты: 13.09.2018
Оқылды: 1128

Талдықорғандағы «Болашақ» стадионында Қала күніне орай футболдан қала әкімдігі мен  спортшылардан құралған «Жетісу чемпиондары» командалары арасында жолдастық кездесу өтті. 

Шараның алғысөзін Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев алып, жиналған жұртшылықты Қала күнімен құттықтап,  бүлдіршіндерге теңбіл доп сыйға тартты. Келесі сөз кезегін «Жетісу чемпиондары» командасының ойыншысы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев алып, ақжарма тілегін ақтарды.  
Қос команда бір-біріне естелік сыйлықтар табыстағаннан кейін тартысты ойын басталып кетті. Мемлекеттік қызметкерлер жеңістің желкенін көтеру үшін барын салып, бірде шабуылдағы қарқынын үдетіп, толассыз соққылар жұмсауға көшсе, енді бірде қарымта шабуылдарға ойысты. Ұйымдастырылған техникалық шеберлікке толы жүйелі шабуылдар кәсіби футболдан кем түспеді.  Тартысты өткен  бәсекеге жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Асқан шеберлік пен тактиканы паш еткен спортшылар әдемі ойын үлгісін көрсетті. Жолдастық кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Достық жеңді.
«Болашақ» стадионында өткен кездесудің маңызы зор. Өйткені мемлекеттік қызметкерлердің ойыны жастарға үлгі болса, жастардың да спортқа қызығушылығы арта түспек. Осылайша бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосылатыны анық.

Айдар ҚАЛИЕВ