Бильярдтан жарыс басталды

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 1680

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде бильярдтан ардагерлер арасында облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Жетісу кубогы» атты республикалық турнир жалауын желбіретті. Сайысқа әр өңірден іріктеліп келген  11 команда қатысты. 

Жарыстың ашылу салтанаты облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ алғысөзімен бастау алды. 
– Құрметті спортшылар, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Бильярд – физикалық күш-қуатты ғана емес, логикалық шеберлікті талап ететін интеллектуалдық ойын. Сондықтан,  мұнда осал ойыншы болмайды. Әуесқойлар арасындағы Алматы облысы әкімінің жүлдесіне арналған «Жетісу кубогы» республикалық турнирі Талдықорғанда тұңғыш рет өтіп отыр. Алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады деп ойлаймын. Жарысқа қатысушы ардагерлер арасында тартысты ойын болатынына сенімдімін, – дей келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Осыдан кейін тартысты дода басталып кетті. Спортшылар жеребе тартып, бас төреші ойын ережесімен таныстырды. Сайыс бильярдтың «Мәскеу пирамидасы» түрінен өтетінін де айта кеткеніміз жөн. Жарыс командалық бәсеке болған соң әр ойыншы барын салып ойнауға тырысты. Алғашқы айналымнан-ақ  ақсақалдар тастаяқ ойынының хас шебері екендігін көрсетіп, тәжірибелерін  дәлелдеді. Кілең сен тұр, мен атайын деген мықтылар арасында есімін естігенде ат үркер, бильярд ойынының жілігін шағып, майын ішкен майталмандар да бар. Олардың ойыны тіптен ерек. Соққан соққылары торға дәл даритынына шүбә келтірмейсің. Тастаяқ спортының қыр-сырын жетік меңгерген ардагерлердің ойыны жиналған жұртшылықты тәнті етті. Облыс әкімдігі мен облыстық бильярд федерациясы ұйымдастырған жарыс үш күнге созылады. 
(Облыс әкімінің жүлдесіне арналған доданы газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар).

Айдар ҚАЛИЕВ