Қос батыр жанкүйерлерімен кездесті

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 1146

Армысыздар, Жетісу жанкүйерлері!
Боксты жақсы көретін қыз-жігіттер, Головкин мен Альварестің жекпе-жегі қашан өтеді, қашан бітеді деп тағатсыздана күтіп жүргендеріңізді білемін. Әрине, жүректеріңіз лүпілдеп, біздің жігіт не болар екен деп, жандарыңызды шүберекке түйіп жүргендеріңізді мен сонау мұхиттың ар жағынан жақсы сезіп тұрмын. Бұл елге, жерге, туған жердің азаматына деген құрметтеріңіздің белгісі. Сәл шыдасақ, қос мықтының арасындағы алапат айқасты да көріп қаламыз. Сол шайқасты өз көзіммен көруге, сіздерге жақсы хабар таратуға мен де АҚШ-қа аттанған болатынмын. Алла сәтін салса, сүйінші хабарды жеткізуге мен де асықпын. Енді 15 қыркүйекте өтетін ғасыр жекпе-жегінің алдындағы шара жайлы тағы бір баяндап өтейін. Бокс алдында ең негізгі шара өтті. Олай болса, осы хабарымды тездетіп, өздеріңізбен қауыштыруға бел будым.

Американың Лас-Вегас штатында «МGM гранд» ойын-сауық кешенінде Геннадий мен Альварестің арасындағы бокстың алдында үлкен оқиға болып өтті. Бұл күні Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жұртшылықпен жүздесті. Мұндай кездесу әлемдік кәсіпқой бокстың негізгі шараларының бірі болып саналады. Сайысқа шығатын қос мықтыны алаулатып, жалаулатып, жұртшылықпен жүздестіреді. Міне, сол салтанатты шара бұрынғыдан өзгеше болды. Біз тұрған «МGM гранд» ойын-сауық кешенінің іші-сырты халыққа толып кетті. Тіпті, үш сағат бұрын келіп алғандар қаншама?! Барлығының қолдарында сүйікті боксшыларының суреттері, үстілеріне киген киімдеріне бейнелерін басып алғандардың да қарасы көп. Солардың арасында біздің Генаның белгісі белгіленген «GGG» баскиімін кигендер жетіп артылады. Мұны көрген біздің ішіміз жылып, қуанып қалдық. Генаны құрметтейтін, жақсы көретін, оның талантына сүйсінетін шетелдік жанкүйерлердің саны молшылық. Оның сыртында қос боксшыдан сұхбат аламын, суретке түсіремін деген әлемнің барлық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосыңыз. Асай-мүсейін сүйретіп, ентелеп, алға қарай ұмтылып, мен бірінші көремін, елден бұрын сауалды мен жолдаймын, керекті жауабымды тез алып, еліме бірінші хабар таратамын деген әріптестерімнің қызу тірлігін көрдім. Олардың арасында мен және елден барған санаулы әріптестерімді көзім шалып қалды. Сонымен дүбірлеген жұрттың делебесін қоздыратын, көптен күткен мерекенің шымылдығы түрілді. Ең алғашқы болып сахнаға екі мықты шайқасар алдында өнер көрсететін жас боксшылар (андекард) шықты. 
Топтың басын бүгінде атын әйгілеп үлгерген, Геннадидің жанкүйері, әлемдік рейтингте өзіндік орны бар жеңіл салмақтағы Роман Гонсалес (Шокалита) пен Мойзес Фуэнтес бастады. Одан кейін кезінде Геннадиден оңбай таяқ жеп, жетінші раундта тізе бүккен Давид Лемье мен түптің-түбінде Генаға қарсылас болатын боксшы деп алқалап жүрген Гэри О Салливан шықты. Артынша елді шулатып Бренден Хук пен мексикалық тағы бір боксшы Хайме Мунгия ортаға келді. Бұлардың барлығын ел қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Жас болса да талай бәсекеде шыңдалып, кәсіпқой бокстың қыр-сырын әбден меңгерген боксшылар ортада жүріп, өздерін нағыз чемпионға балап, бір-біріне көзбен сес көрсетіп, мерекенің көрігін қыздырды. Осыдан кейін кешеннің іші жаңғырып кетті. Бұған дейінгі айғай ананың қасында жайшылық болып қалғандай. Бұл кезде кешенге Геннадий Головкин кірді деп хабарлады. Осыны естіген жанкүйерлер «МGM гранд» ойын-сауық кешенінің ішін жаңғыртып жіберді. Толқыны жағаға шарпыған теңіздей ентелеп, Головкинді мен бірінші көремін дейтіндер сарай ішін толқытып жіберді. Сол уақытта ортаны қақ жарып, бапкерлерімен, өзінің ұжымында бірге істейтін мамандарымен бірлесіп Гена да келіп жетті. 
Үнемі жайдары мінезімен, ақжарқын көңілімен көпшілікті баурап алатын қазақстандық боксшы Геннадий Головкин сол баяғы қалпынан тайқымай, жанкүйерлеріне құрмет көрсетіп сахнаға шықты. Көңіл-күйі де, бабы да жақсы секілді. Сыңары Максим де қолқанат болып, бауырының бар жағдайын туғызып жүр. Осыны көрген мен де ішім жылып, Геннадидің келбетіне сүйсініп, талантына бас ұрып, қуанып қалдым. Авель Санчес те өзіне сенімді. Генаны жанкүйерлер де, баспасөз өкілдері де көп ұстады. Қойған сауалдарына сауатты жауап қатып, нағыз майталман боксшы екенін көрсетті. Қалың мексикалық жанкүйерлердің арасында біз де бой көрсетіп, Генаға қолдау білдірдік. Қазақстаннан барған үш журналист бар екенімізді, Қазақстаннан келгенімізді білдіріп: «Гена, біз келдік, сенің қасыңдамыз, Қазақстанның ыстық сәлемі мен қолдауын ала келдік», – деп айқайладық. Мұны естіп, көрген Геннадий де қуанып арқаланып қалды. Әрине, жауап қайтармаса да, бізге қарап, көрдім, рахмет, сенімдеріңізді ақтаймын дегендей сыңай танытты. Қойылған сауал көп, барлығына да жауап беріп үлгеріп жатыр. Әсіресе, боксқа дайындығы жайлы, Альвареске қандай тосынсый дайындап отырғаны туралы сауалдар қойылды.
– Мен шайқасқа толық дайынмын. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, бабымдамын. Сол күні Мексиканың тәуелсіздік мерекесі. Бұл үлкен қасиетті мереке. Мерекеге орайластырып ұйымдастырған бокс кешінде мен шаршы алаңда нағыз шоу көрсетемін. Мексиканың мерекесі маған кедергі бола алмайды, керісінше күшіме қуат қосатын болады. Мен профессионалмын, Мексиканың тәуелсіздік мерекесінде өзімнің атақтарымды қорғап қаламын, бұл қарымта болады. Бірақ, басқа тарих, ол тарих жақсы жағынан көрсеткіш береді және жоғары нәтижеге қол жеткіземін, – деді. Одан кейін Альвареске қатысты сауалына да нық сеніммен жауап берді. «Мен өзім армандаған қарсыласыма келдім, онымен жақсы кездесу өткізем және бақытты кезеңіме қол жеткіземін. Ол үшін Альварес маған мүмкіндік беруі керек, өзі айтқандай жұдырықтасуы керек. Егер дәл айтқанындай жұдырықтасатын болса мен оны нокуатқа жіберемін. Уақыт келді, мен күштімін», – деп жанкүйерлерін дүр сілкіндірді. Осыдан кейін Геннадий өзінің адамдарымен кері аттанып кетті. Олардың кетіп қалғанына біз де алғашында түсінбей қалдық. Мүмкін ұйымдастырушылар қандайда бір шоу ұйымдастырып қойған болар деп іштей ой түйдік.
Одан кейін Сауль Альварес келеді деп хабарлады. Бағанағы айғай одан да артып, тіпті, шегінен шығып кетті. Біз теңіз толқығандай дедік, бұл жолы мұхит толқығандай болды. Өздері де осындай даңғаза мен дарақылықты жақсы көретін халық емес пе?! Шулағанда шыңырау шегіне жетті. Сонымен, Сауль да сахнада көп болды. Өзінің түрлі жаттығуларын көрсетіп, суретке түсіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Өз қызметтерін атқарғаннан кейін Сауль да жақтастарымен бірге кетіп қалды. Бұған біз қатты таңғалдық. Бұлары қалай? Олар бір-біріне қарап көздерімен сес көрсетпеуші ме еді? «Бірін-бірі көрмейтін болған ба?» – дестік. Расымен де екі мықтының арасы ушығып кеткені сонша, біз шаршы алаңдағы шайқасқа дейін бір-бірімізді көрмейміз, сол күні, бокс кешінде шаршы алаңда бірақ кездесеміз деп бел буыпты. 
Осыдан кейін бокстың қызық болатыны көрініп тұр. 15 қыркүйек күні екі боксшы да аянып қалмайтыны анық, бір-бірін құлатып тынбай істің аяқталмайтынын сездім. Бұл да сіздердің көкейлеріңізге түйе жүретін оқиғаның бірі. Сондықтан, сіздер сол күні бокс кешін жіберіп алмаңыздар, мен айтқан оқиғаның үшінші кезеңі, яғни, нүктесі осы күні қойылмақ. 
Кездесуден үлкен бір сұрақтың жауабы белгілі болды. Өткен жылғы шайқастан кейін, түрлі алып-қашпа әңгімелерден кейін, мамандардың сан түрлі ойларынан кейін алаңға қай боксшының бірінші келетіні жұмбақ болған еді. Естеріңізде болса, өткен жылы боксшылардың жанкүйерлермен жүздесуіне Саульдің бірінші шыққанын білесіздер. Мұның да өзіндік сыры бар. Біздің елдегі концерт кешіндегідей нағыз мықты, құрметі мен атағы алысқа кеткен әнші сол күнгі ән кешінің соңында шығып, кештің нүктесін қоятын. Сол секілді мұнда да бірінші шыққан боксшының атағы мен мықтылығы анықталады. Ендеше өздеріңіз білгендей, бірінші болып сахнаға біздің Головкин шықты. Яғни, дәл қазіргі уақытта қазақстандық боксшыны барлығы мойындап, чемпион екеніне күмән келтіріп отырған жоқ. Шын мәнінде қанжығасында үш белбеуі бар Геннадий Головкин – чемпион. Олай болса, бүгінгі кеште Головкинді бірінші болып жанкүйерлер қарсы алса, 15 қыркүйек күні ортадағы төреші бірінші болып, біздің жігіттің қолын көтерсін деп тілейік!

Несіп Жүнісбайұлы, 
белгілі спорт журналисі, Алматы облысының 
Құрметті азаматы, 
Лас-Вегастан арнайы «Жетісу» газеті үшін