ЖАУЫНГЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1230

    Жайсаң ауылында осы елді мекен перзенті, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгер Бекжан Бердісовты еске алуға арналған волейболдан қыздар арасында жарыс өтті. Тартысты бәсеке Алматы қаласы, Қарасай және Жамбыл аудандары мектептерінің үздік командалары арасында болды.

 

   Жайсаң орта мектебіне Талдықорған қаласы мен аудандардан ауған соғысының ардагерлері келді. Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған Ақсеңгір селолық округінің әкімі Ержан Қасымшалов аталған мектептің директоры Зейнехан Нақысбекова, әскери борышына адалдық танытқан ауыл түлегі Бекжан Бердісов сияқты боздақтардың рухына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы, жастарға өнеге екенін атап өтті. Осы жарысты ұйымдастыруға тікелей ұйытқы болған ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Сайлаукез Ақмолданов, облыс орталығы мен аудандардан келген қаруластар, Жамбыл аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақыт Жақыпбеков, шиендік Айнабек Шәкіретов сияқты басқа да ауғандық жауынгерлер сол бір сұрапыл күндерден сөз қозғап, жастарға тәрбиелік мәні бар әңгіме айтты.
    Боздақтың анасы Нұрбике апа көпшілікке арнаған сөзінде баласының рухына құрмет көрсетілгеніне жүрекжарды алғысын білдірді. Жиында Бекжанның 1963 жылы 1 қаңтарда осы ауылда өмірге келгені, Жайсаң мектебінде 1-8 сыныпта оқып, орта мектепті Ақсеңгірде бітіргені, 1981 жылы сәуірде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, әскери борышын өтеуге Ауғанстанның Күншер провинциясында жіберілгені айтылды. Ол 1982 жылдың 31 мамырында ауған жерінде қаза тауып, «Қызыл ту» орденімен марапатталған. Бекжан Хамитұлымен соңғы сәтте бірге болған қандыкөйлек қаруластары онымен ақырғы тілдесуді еске түсірді.
Жайсаң және көршілес Ақсеңгір ауылдарындағы орта мектептердің спорт залдарында 12 команда арасында қызу тартыс болды. Жарысқа Алматы қаласынан екі, Қарасай ауданынан төрт команда келсе, жамбылдықтар сегіз команда болып шеберлік сынасты. Ойын қорытындысында 1-орынды алаң иелері Жайсаң орта мектебінің қыздары жеңіп, Бекжан Бердісов атындағы ауыспалы кубокты өздерінде қалдырды. Тұғырдың екінші сатысынан Қарасай ауданының Жаңа қазақ орта мектебі көрінсе, аталған ауданның М. Ғабдуллин атындағы орта мектебінің волейболшылары жүлделі үшінші орынды иеленді.
  Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, оның 761-і қаза тапса, Жамбыл ауданынан аттанған 160-қа жуық жауынгердің 11-і жат жерде шейіт болды. Сол он бір боздаққа аудан орталығында ескерткіш тұрғызылған. Онда қара мәрмәр тасқа әрқайсысының асыл бейнелері мен аты-жөндері қашалған: Әнуарбек Айтбаев, Ербол Әбдірахимов, Серік Әшімов, Бекжан Бердісов, Виктор Иваненко, Андрей Машинский, Владимир Пискунов, Мейралы Сулиев, Сәрсенбек Қоңырбаев, Серік Үркімбаев, Арзымхан Хелаев. Олардың рухына құрмет көрсеткен жұртшылық бұл күндері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, спорт жарыстарынан басқа да еске алу шаралары тұрақты жасалады. Оқыған мектептерінде арнайы бұрыш жабдықталып, ескерткіш тақталары ілінген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.